Автобус пен мопедтің соқтығысуы: Алматыдағы жол апатына қатысты іс қайта қаралады

315

Қайғылы оқиға Алматы көшелерінің бірінде болды.

Автобус пен мопедтің соқтығысуы: Алматыдағы жол апатына қатысты іс қайта қаралады Фото: azh.kz/ЖИ көмегімен жасалған сурет

ҚР Жоғарғы Соты Бас прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қаласында автобус пен мопедтің қатысуымен болған адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты істі қайта қарауға жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қадағалаушы орган бұған дейін өтемақы төлеуден жалтарған қызметтік көліктің иесі – автокәсіпорынды материалдық жауапкершілікке тартуды талап етті. Себебі, Алматыда қызметтік автобус пен мопедтің соқтығысып, әйел адам қаза тапқан болатын. 

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот екі жүргізушіні (И. және К. есімді азаматтарды) кінәлі деп танып, оларды марқұмның туыстарына моральдық зиян үшін өтемақы ретінде 25 миллион теңге төлеуге міндеттеген. Алайда жоғары қауіп көзі болып саналатын, яғни автобус тиесілі заңды тұлға –жауапкершілігі шектеулі серіктестік азаматтық жауапкер ретінде іске мүлде тартылмаған.

Бас прокуратураның ұстанымы

Қылмыстық іс материалдарын зерделеу барысында прокурорлар заңнама талаптарының елеулі түрде бұзылғанын анықтады.

Азаматтық заңнамаға сәйкес, заңды тұлға өз қызметкерлері жұмыс барысында жоғары қауіп көзі арқылы келтірген зиян үшін жауапкершілік көтеруге міндетті.

"Жоғары қауіп көзінен келтірілген зиян үшін жүргізушілер жұмыс істейтін кәсіпорын жауапты болуы тиіс", – деп атап өтті қадағалаушы орган.

Сот алқасының шешімі

Бас прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сатыдағы сот азаматтық талапқа қатысты сот актілерінің күшін жойды.

Іс қайта қарау үшін сотқа жіберілді. Енді сот сотталған жүргізушілердің ғана емес, автокәсіпорынның да материалдық және моральдық жауапкершілігінің нақты мөлшерін анықтауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу