Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков автолизинг бағдарламасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Forte Leasing бойынша бірінші лизинг берілді. Автолизинг үш жылға 15% мөлшерлемемен берілді. Бірақ былтыр қараша айында жеке тұлғаларға автолизинг рәсімдеу бойынша заңға өзгерістер енгіздік. Бүгінгі таңда Өнеркәсіп комитеті, Қазақстан машина жасаушылар одағы және инвесторлар арасында үшжақты келісім жасалып, лизинг тәртібі пысықталу үстінде. Неге десеңіз, бірінші лизингтен кейін мәселелер туындап жатыр. Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің сұрақтары бар", – деді Мұхамед Андаков.
Оның айтуынша, мәселенің бәрі толық шешілген соң лизингтің қосымша шарттары хабарланады.
"Маркалар бойынша нақты шектеу жоқ. Қазақстанда жасалған жаңа көліктер болсын, импортталатын көліктерге болсын, лизинг беріледі", – деп түсіндірді Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары.