Аягөз гарнизонының әскери қызметшілеріне пәтер кілті табысталды

1129

Әскерилерге тұрғын үй жөндеу жұмыстарынан соң тапсырылып отыр.  

Аягөз гарнизонының әскери қызметшілеріне пәтер кілті табысталды

ШҚО-да 60 әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелеріне "Южный" жабық әскери қалашығындағы тұрғын үйден пәтер кілттері табысталды.

"Әскери қызметшілер жаңа пәтерлерін толық ішкі әрлеу жұмыстарынан кейін алады. Пластикалық терезелер, кіреберіс және ішкі есіктер, сантехникалық құрылғылар, электр плиталар орнатылып, өрт дабыл бергіштері, электр және су есептегіш құралдары іске қосылған. Үйдің қасбеті желдетілетін отқа төзімді жүйелермен қапталған", – дейді Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов.

Ауланың аумағы абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңы және жаттығу құралдары бар спорт алаңы орнатылған.

"Южный" әскери қалашығының көптеген ғимараты мен құрылыстары 70-90 жылдары салынған, бірақ соңғы кездері олардың келбеті түбегейлі өзгерді. 1350 пәтерден тұратын 18 тұрғын үйдің 15-і толық жөндеу жұмыстарынан өткен.

2020 жылғы жоспар бойынша 36 ғимарат пен құрылысқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған, 70 пәтерден тұратын бір тұрғын үйді шілде айында аяқтап, тапсыру жоспарланған.

2018 жылы әскери қалашықта шамамен 1000 баладай оқитын жаңа мектеп ашылды. Мұнда 200 орындық балабақша, әскери емхана мен госпиталь, азық-түлік дүкендері және басқа да нысандар бар.

Спортпен шұғылдануға арналған спорт кешені бар. Әскери қызметшілердің балалары футбол, волейбол, таэквондо, джиу-джитсу және басқа да спорт түрлеріне қатысады. Мәдени-демалыс орталығында 6 мен 14 жас аралығындағы балаларға арналған би үйірмелері жұмыс істейді. Мектепте қосымша қолөнер мен музыканы дамытуға арналған шығармашылық үйірмелер, сондай-ақ спорт секциялары ұйымдастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу