Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар баспаналы болды

714

Жалпы жыл аяғына дейін берілетін пәтер саны 1900-ден асады.

Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар баспаналы болды  Фото: ашық дереккөзден

Жетісу облысында ондаған отбасы жуық арада қоныс тойын тойлайды. Аз қамтылған және көпбалалы 60 шақты отбасына кәсіпкер Данияр Абулгазин пәтер тарту етті. Бүгін Талдықорған қаласында салтанатты жиын өтіп, пәтер кілті табысталды. 

Бұл еңсесі биік әрі жарық 3 бөлмелі пәтерде енді көпбалалы отбасы Тәуірбаевтар тұратын болады. Әселдің айтуынша, жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап, отбасының берекесі кеткен. Үйдің тұңғышы 16 жастағы жеткіншек бокстан Қазақстанның спорт шебері. Енді, міне спорт мектебінің маңында орналасқан су жаңа пәтерде балалар алаңсыз үйірмеге барып, өз үйінен қатынайтын болды,- деді ол қуанышын жасыра алмай.

"Рамазан айында осындай қуанышты жаңалыққа кенеліп жатырмыз. Осындай жақсылық жасап жатқан кісілерге рахмет. Сіздерге үй сыйлады деп кешеден бері жүрегіміз толқып жатыр. Аллаға мың шүкір", - деп қуанышын білдірді көпбалалы ана Әсел Тәуірбаева.

Бұл пәтерлер жергілікті биліктің үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар жандар, ерекше қажеттілігі бар бала өсіріп отырған 60 отбасыға бұйырды. Ас үйдің ең қажет жабдықтары мен тоңазытқыш бірге берілді. 5 қабаттан тұратын тұрғынүйдің құрылысына 1 млрд теңге жұмсалған. Баспанаға мұқтаж жандарға кәсіпкер Данияр Абулгазин қол ұшын созып, қаржы құйған. 

"Өткен жылы президент кәсіпкерлермен кездесуде ол бизнестен екі нәрсе талап етілетінін айтты: біріншісі-бизнеске инвестиция, екіншісі-әлеуметтік жобаларға инвестиция. Бұл - жатақханалар, тұрғын үйлер, спорт нысандары болуы мүмкін. Осыдан кейін менде бірнәрсе салу қажет екені туралы идея туындады", - дейді кәсіпкер Данияр Абулгазин.

Елімізде баспанаға мұқтаж жандарды тұрғынүймен қамту - қай кезеңде өзекті мәселе. Бұл орайда тек жергілікті атқарушы органдар емес, бизнестің де мүдделі екені қуантады.

"Міне, мына ағаларымыз салған 60 пәтерлік 1 үй берілді. Тағы меценаттар тарапынан 2 үй салынып жатыр 60 пәтерден. Және де бизнес тарапынан 6 пәтер салынып жатыр. Бұлардың барлығы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы жыл аяғына дейін берілетін пәтер саны 1900-ден асады", - деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Әкімнің айтуынша, Жетісу облысында биыл жылдың аяғына дейін 50 үй қолданысқа берілмек. Оның 41-і бюджет қаржысына салынып жатыр. Бұл пәтерлер Отбасы банк арқылы тиімді шарттармен үйге мұқтаж жандарға үлестірілмек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу