Қаржы министрлігі ведомствоның қолдауымен "жаңа қаржы бағдарламасы" жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы ретте ҚР Қаржы министрлігінің жарияланған ақпараттарға қатысы жоқ екенін, сондай-ақ жекелеген сайттар, мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға төлемдерді жасамайтынын, инвестициялар немесе гранттар бойынша бағдарламаларды жүргізбейтінін айта кетейік. Мемлекеттік органдардың барлық бастамасы тек ресми ресурстарда жарияланады", – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомство қазақстандықтардан күдікті сілтемелерге өтпеуін, сондай-ақ жеке мәліметтерді енгізуден сақ болып, белгісіз тұлғалардың шоттарына ақша аудармауды сұрады.
Күмәнді схемалар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе "1414" Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.