Азаматтық авиацияға арналған жанармайды делдалсыз жеткізу механизмі іске қосылмақ

442

2022 жылдың алғашқы 7 айында тұтынылған авиажанармай көлемі 455 мың тоннаны құрайды. Ал өндірілген өнім мөлшері – 399 мың тонна. 

Азаматтық авиацияға арналған жанармайды делдалсыз жеткізу механизмі іске қосылмақ

Жыл сайын отандық азаматтық авиация саласы мұнай өңдеу зауыттарында жүргізілетін маусымдық жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты және осыған орай авиацияға арналған жанар-жағармай өндіруді уақытша шектеуге байланысты авиакеросин тапшылығына тап болады.

Еске сала кетсек, осы түйіткілді мәселені оңтайлы шешу мақсатында былтырғы жылдың соңына қарай ҚР ИИДМ Энергетика министрлігімен бірлесіп арнайы жиын өткізген болатын. Басқосуға ірі авиажанармай жеткізушілер, отандық әуекомпаниялар мен әуежайлар басшылары, ҚТЖ және ҚМГ сынды іргелі ұлттық компаниялардың өкілдері қатысып, нәтижесінде тараптар жанармай жеткізудегі мәселелерді назарға алып, өзара келісімге келген еді.

Атап айтқанда, ең біріншіден, авиажанармай жолаушылар тасымалымен айналысатын отандық авиакомпанияларға жеткізілуі тиіс. Содан кейін ғана шетелдік әуе компаниялары мен жүк тасымалдаушыларға берілуі қажет.

Жанармайды бұлай жеткізу схемасы мұнай өнімдері ресурсын сақтаушылар үшін міндетті болып табылмайды. Бұл тәсіл ішкі және халықаралық жолаушылар тасымалы үзіліссіз орындауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта ынталы екі министрлік авиажанармайды делдалдарсыз жеткізуді шектеу мақсатындағы қосымша шараларды пысықтауда. Оның ішінде:

- авиажанармайды тауар биржалары арқылы жеткізуді 100 пайызға жеткізу (бұл тәсіл азаматтық авиация субъектілеріне арналған жанармайды ресурс сақтаушыларынан тікелей жеткізу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді);

- "ҚазМұнайГаз-Аэро" арқылы біріктірілген импорттық жанармай  сатып алу (кепілдендірілген көлемдегі жанармай мен импорттық авиажанармайдың едәуір көлемі есебінен жанармай бағасын төмендету мақсатында).

Жалпы алғанда, авиажанармай тапшылығын жою, ішкі нарықты толығымен қамту және импорттық өнімдерді азайту үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарының жылдық өнім өндіру қуаттылығын арттыру қажет екендігі белгілі. Бұл әсіресе, пандемиядан кейінгі жолаушылар тасымалының артуына орай және транзиттік ұшақтардың техникалық қонулар қарқынының өсуіне байланысты өзекті болып отыр.

Осы орайда айта кетерлігі, 2021 жылы 670 мың тонна авиажанармай жұмсалған. Ал өндірілген өнім көлемі – 580 мың тонна.

2022 жылдың алғашқы 7 айында тұтынылған авиажанармай көлемі 455 мың тоннаны құрайды. Ал өндірілген өнім мөлшері – 399 мың тонна. Болжам бойынша биыл 1 млн тонна жанармай тұтынылмақ. Ал 2022 жылы күтіліп отырған авиажанармай өндірісінің көлемі 700 мың тонна шамасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу