Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке өту – Қазақстанның саяси жүйесін дамытудың қисынды кезеңі.
Депутат екі палаталы Парламент федеративті мемлекеттерге тән модель екенін атап өтті.
"Қазақстан – унитарлық мемлекет. Ел аумағындағы барлық азаматтарға бірдей құқық пен мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан өңірлер мен тұрғындардың мүддесі тең дәрежеде қорғалуы қажет", – деді Азат Перуашев.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы заң шығару өкілеттігін Мәжіліске беру арқылы осы бағытта алғашқы қадам жасағанын еске салды. Ал Сенатқа заң жобаларын мақұлдау немесе ұсыныс енгізу функциясы қалдырылған.
"Президенттің қазіргі бастамасы Конституцияның кезең-кезеңімен дамуының логикалық жалғасы. Бұл саяси институттардың жетілуін жеделдетеді", – деді депутат.
Сонымен қатар, Азат Перуашев Конституцияда Халық кеңесін жоғары консультациялық орган ретінде бекіту түрлі этностардың билік жүйесіне қатысу мүмкіндігін арттыратынын айтты. Бұл қадам өңірлердің мүддесін қорғап, азаматтық қоғам өкілдерінің саяси үдерістерге тартылуын күшейтеді.
Партиялық тізім бойынша сайлау жүйесіне көшу парламентаризмнің халықаралық тәжірибесіне сай келетінін атап өткен депутат пропорционалды жүйе қоғамдағы әртүрлі көзқарастардың Парламентте кеңінен көрініс табуына мүмкіндік беретінін жеткізді.
"Қазіргі конституциялық реформа – бұл тек жекелеген өзгерістер емес, бүкіл саяси жүйенің терең жаңғыруы", – деп түйіндеді Азат Перуашев.