Жүргізушілерге ҚазАвтоЖол компаниясы көлікті қысқы маусымға дайындап, көктайғақ кезінде жылдамдықты төмендету және қауіпсіз арақашықтық сақтауды ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Алғашқы қар жауып, жолдарда көктайғақ байқала бастады. Осындай уақытта рөлге отырған әрбір жүргізушіден ерекше мұқияттылық пен сабыр қажет, – делінген хабарламада.
Қауіпсіздік – ұсақ-түйектен басталады. Сондықтан:
Көлігіңізді қысқы дөңгелекке ауыстырыңыз;
Тежегіш жүйесін, жарық пен аккумуляторды тексеріп шығыңыз;
Қысқы отынды пайдаланып, антифриз деңгейін бақылаңыз;
Жолда жылдамдықты шектеп, арақашықтықты сақтаңыз;
Рөлде асығыс шешім қабылдаудан, кенет бұрылыстардан аулақ болыңыз.
Бұл – жай ғана кеңес емес, өмірді қорғаудың қарапайым қағидасы. Қыс мезгілінде жолдағы әр қимыл, әр шешім қауіпсіз сапардың кепілі.
– Құрметті жүргізушілер, өзіңіздің және өзгенің амандығы – сіздің қолыңызда. Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Ал 1403 бірыңғай байланыс орталығы әрдайым байланыста. Кез келген уақытта көмек қажет болса – біз әрқашан қасыңыздамыз, – деп ескертті жол компаниясынан.