Шавкат Мирзиёев Өзбекстан әрдайым Әзербайжанмен бірге екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әңгіме барысында Өзбекстан басшысы Иран тарапынан Әзербайжанға ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарды қатаң айыптап, ресми Ташкенттің Бакуді толық қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев әріптесіне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Әзербайжан президенті болған оқиға жөнінде ақпарат беріп, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді.
Тараптар телефон арқылы екі ел арасындағы достық, бауырластық және одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшылары Әзербайжан мен Өзбекстан алдағы уақытта да бір-бірін тұрақты түрде қолдай беретінін айтты.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Әзербайжанға жасалған дрон шабуылын қатаң айыптайтынын мәлімдеді.