Әжетханада студентті зорламақ болған ақтөбелік тұрғын 6 жылға сотталды

Оған ішімдікке қарсы ем алу міндеттеліп отыр.  

Әжетханада студентті зорламақ болған ақтөбелік тұрғын 6 жылға сотталды Фото: depositphotos.com

Жабық режимде қаралған істе үкім ғана ашық оқылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орта білімді әрі жұмыссыз сотталушы Ақтөбе қаласындағы дәмхананың әжетханасына кірген. Мас күйінде болған ол әйелдерге арналған бөлікке еніп, есігін күштеп ашуға әрекеттенген. Қолына шанышқы ұстаған күйі ішіндегі студент қызды қорқытып, зорламақ болған.

Абырой болғанда, қыз сытылып шығып, көпшіліктен көмек сұраған. Дәмханадағы ер адамдар оған дереу жетіп, көмек берген.

– Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны – қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесі. Моральдық зиян үшін өтемақы есебін 1,5 миллион теңге өндірілсін,  – деді судья.

Үкім оқылмас бұрын сотталушының шын ниетпен өкінгені жазаны жеңілдететін мән-жай деп есептелсе де, мас күйінде қылмыс жасағаны жазаны ауырлатты. Сот-наркологиялық сараптама қорытындысына сай, айыпталушы мәжбүрлі түрде ем алатын болды.

– Дәмханаға кіріп, жан-жағына қарап, адам жоқ екеніне көз жеткізіп, мас күйінде әжетхананың әйелдер жағында жәбірленушіні зорлауға оқталған. Қолындағы шанышқымен қорқытқан. Оның бәрі бейнежазбада анық көрініп тұр. Сотта куәлар да айтып берді. Жүгіріп барған жас жігіттер сотталушының қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізуге мүмкіндік бермей, сыртқа сүйреп шығарған. Мұның бәрі – дәлелдемелер жиынтығы. Сотқа дейін, сот тергеуінде сотталушының кінәсі толық дәлелденді деп есептейді, – деді судья.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу