Абай облысының 28 жастағы тұрғыны бұрынғы сүйіктісін жүйелі түрде қудалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, қарым-қатынас аяқталғаннан кейін ер адам әйелді қайта-қайта мазалап, оның үйі мен жұмыс орнына барып жүрген. Сонымен қатар ол әртүрлі телефон нөмірлерінен хабарласып, хабарламалар жіберіп, байланыс орнатуға тырысқан. Оның әрекеті бір реттік емес, жүйелі сипат алып, жәбірленушіге психологиялық қысым көрсеткен.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген соң ол пробация қызметіне тіркеліп, жазасын өтеу үшін жұмысқа орналастырылды.
Сотталған азамат өз әрекетін дұрыс емес деп мойындап, өкініш білдірген. Ол алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып, өзгенің жеке шекарасын құрметтеу қажеттігін түсінгенін жеткізді.