Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сізге әріптестеріңізден алғаш рет қоңырау түсіп, жұбайыңызға ұқсайтын адамның ауруханаға жеткізілгенін айтқанда, "мұны әзіл деп ойлап, телефонды тастай салдым" дедіңіз. Айтыңызшы, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Оның үстіне, сіз әйеліңіздің шақыртуға кеткенін, онда бірдеңенің құлағанын айтқанын білдіңіз ғой", – деп сұрады прокурор Саяжан Серікова.
Жәбірленуші Әділет Зейнелдің сөзінше, ол жаңалықты бірден қабылдай алмаған.
"Мұндай нәрсемен қалжыңдамайды, әрине. Маған кім хабарласқаны белгісіз болғандықтан, ол досым не танысым болмаған соң, хабарды бірден қабылдамадым. Шамамен бес минуттан кейін маған анам қоңырау шалғанда ғана жұбайымның шынымен де қабылдау бөлімінде жатқанын түсіндім", – деді ол.
Прокурор жәбірленушіден Ұлдана Мырзуанға хабарластыңыз ба деп сұрады.
"Мен бірден төменге түстім, ал баспалдақпен түсіп бара жатқанда телефон шалған жоқпын, өйткені ұялы телефонды бөлімшеде қалдырып кеттім, себебі уақытым болмады. Ол кезде отадан кейін құралдарды жинап жатқан едім. Барлығын тастай салып, бірден төменге түстім", – деп атап өтті Әділет Зейнел.
Айтуынша, ол қабылдау бөлімінде болғанда жұбайына хабарласуға тырысқан.
"WhatsApp-тан жаздым ба, әлде қоңырау шалдым ба, дәл қазір есімде жоқ. Бірақ жауап болған жоқ, тұтқаны көтермеді. Кейін қабылдау бөлімінен жақын туысы болғандықтан алғашқы бес минутта мені ішке кіргізбеген соң, достарыма қоңырау шала бастадым. Онда жедел жәрдемде бірге оқыған курстастарым жұмыс істейтін. Мен Ұлданамен бір топта оқығанмын. Содан онда жұмыс істейтін достарыма хабарласа бастадым. Олар осының бәрін растады", – деді жәбірленуші.