Азық-түлік бағасы бір жылда 25,3%-ға қымбаттады

515

10 өңірде азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі республика бойынша орта деңгейден де жоғары болды. 

Азық-түлік бағасы бір жылда 25,3%-ға қымбаттады Фото: inbusiness.kz

2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 1,6%-ға, бір жылда 25,3%-ға қымбаттады, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

Айлық динамикада ең жоғары өсім Жамбыл (+2,5%), Қостанай (+2,5%) және Түркістан (+2,4%) облыстарында тіркелді. Ал, бағаның ең аз өсуі Шымкентте байқалды (+0,7%).

Баға бір жылда ең көп қымбаттаған өңір – Маңғыстау облысы (+31,6%). Антилидерлер үштігінде Түркістан (+27,5%) және Жамбыл (+26%) облыстары бар.

Өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысына сәйкес, жемістер мен көкөніс бір айда 5%-ға, бір жылда 21%-ға өсті. Жылдық динамикада жаңа піскен көкөніс – 19,2%-ға, жаңа піскен жеміс бағасы 20,2%-ға қымбаттады.

Жемістер арасында кептірілген өрік (+64,9%, келісі үшін 3,8 мың теңгеге дейін), банан (+46,2%, 878 теңгеге дейін), апельсин (+30,8%, 1 мың теңгеге дейін), алма (+13%, 537 теңгеге дейін), лимонның (+7,4%, 1,2 мың теңгеге дейін) бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Ал, көкөніс арасында қияр (+47,9%, келісі үшін 931 теңгеге дейін), пияз (+40,6%, 124 теңгеге дейін), қызанақ (+22,2%, 764 теңгеге дейін), картоп (+11,9%, 155 теңгеге дейін) және қызылшаның (+1,5%,  235 теңгеге дейін) бағасы күрт өсті. Осы тұста сәбіз бағасы 0,8%-ға (келісі үшін 145 теңгеге дейін), ақ қырыққабат 15,2%-ға (102 теңгеге дейін) арзандады.

Сүт өнімдері бір жылда 31,3%-ға қымбаттады. Секторда консервіленген (+43,3%) және ауыз (+31,9%) сүттің, ашытылған сүт өнімдері (+32,5%) бағасының өсуі байқалды.

Майлылығы 2,5% болатын пастерленген сүт бағасы литрі үшін 339 тг, майлылығы 3,2%-4%-дық сүт – 425 тг, майлылығы 2,5%-дық айран – 373 тг, қаймақ – келісі үшін 1,7 мың тг, сүзбе –1,9 мың тг, қатты ірімшік 4,5 мың тг болды.

Ет және ет өнімдері 2021 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 16,6%-ға қымбаттады. Ет пен құс етінің бағасы былтырғы желтоқсан айында 2021 жылмен салыстырғанда 15,4%-ға өсті. Ет өнімдері – 15,9%-ға, шұжықтар 22,2%-ға қымбаттады.

Бөлшек сауда орындарында жылқы еті келісі үшін 3 мың тг, қой еті – 2,7 мың тг, сиыр еті – 2,4 мың тг, шошқа еті – 2,1 мың тг, тауық еті – 1,4 мың тг, сиыр бауыры – 1,3 мың тг, пісірілген шұжық – 2,6 мың тг, жартылай ысталған шұжық 3,2 мың тг болды.

Бірінші санаттағы жұмыртқа бағасы бір жылда 22,9%-ға артып, он данасының бағасы 481 теңгеге дейін өсті.

Нан-тоқаш өнімдері мен жарма секторында бағаның бір жыл ішінде 33,6%- ға өсуі тіркелді. Қара бидай наны бір жылда 25,2%-ға (келісі үшін 424 теңгеге дейін), жоғары сұрыпты ұннан жасалған бидай наны – 27,9%-ға (351 теңгеге дейін), бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны 14,6%-ға (198 теңгеге дейін) қымбаттады. Жоғары сұрыпты бидай ұнының келісі 374 теңгеден, ал бірінші сұрыпты бидай ұны 244 теңгеден сатылды.

Макарон өнімдері бір жылда 42%-ға қымбаттады. Вермишель 43,3%-ға (келісі үшін 568 теңгеге дейін), кеспе – 40,7%-ға (1,1 мың теңгеге дейін), рожки 40,4%-ға (556 теңгеге дейін) қымбаттады.

Арпа – 42,3%-ға (келісі үшін 372 теңгеге дейін), сұлы – 38,2%-ға (615 теңгеге дейін), қарақұмық – 37%-ға (719 теңгеге дейін), ұнтақ жарма – 36,7%-ға (455 теңгеге дейін), күріш – 36,5%-ға (502 теңгеге дейін), тары 25% ға (477 теңгеге дейін) қымбаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу