Азық-түлік инфляциясы: Әлихан Смайылов өңірлердегі әкімдердің жұмысын сынға алды

521

Үкіметте азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар қаралды. 

Азық-түлік инфляциясы: Әлихан Смайылов өңірлердегі әкімдердің жұмысын сынға алды Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов елдегі азық-түлік инфляциясына тоқталып, жергілікті атқарушы биліктің жұмысын сынға алды, деп жазады inbusiness.kz.

"Біздің міндетіміз – 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау. Бұған қол жеткізуге болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр", - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, әкімдіктердің тиімді жұмысы көрінбей жатыр.

"Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісім-шарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады?", - деп атап өтті ол Үкімет отырысында.

Әлихан Смайылов бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болғандарын жеткізді.

"Бірінші кезекте өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ, атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз. Жыл басынан бері сауда саласында заңдылықты бұзудың ешқандай фактісі анықталған жоқ. Барлық әкімдіктерге өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсыныстар жіберілді. Алайда өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге "қинағандай етіп" мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ", - деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Ол жұмысқа немқұрайлы қарау анықталған жағдайда және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданатынын жасырмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу