Азық-түлік өндірісін дамытуға қанша қаржы бөлінді

721

Жоспарға сәйкес, бұл салада 5400 жоба жүзеге асырылады.

Азық-түлік өндірісін дамытуға қанша қаржы бөлінді Фото: inbusiness.kz

Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов азық-түлік өндірісін дамытуға 22,5 млрд теңге бөлінгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бұл қаржы жұмыспен қамтудың жол картасы аясында бөлінген, әрі ол ет, сүт және басқа да азық-түлік өнімдерін шығаруға жұмсалады. 

"22,5 млрд теңге болатын 5400 жобаның алдын ала тізімі жасалды. Тізімге ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енді", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Министр микрокредит берудің тиімділігін арттыру үшін "Атамекен" ҰКП мен жергілікті әкімдіктер 15 микроқаржы ұйымын құрғанын айтты.

"Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын құрады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп жалпы құны 100 млрд теңге болатын 42 инвестициялық жоба іске асырылады", - деді Серік Шәпкенов.

Ол кредит төмен пайызбен берілетінін жеткізді.

"Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 6%-дан аспайды. 2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орындары құрылады", - деді министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу