Бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін бірыңғай деректер қоры құрылады

1291

Бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін бірыңғай деректер қоры құрылады

Данияр Ақышев Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту бойынша Ұлттық банктің заңнамалық бастамалары туралы айтып берді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, қор нарығының инфрақұрылымы оңтайландырылады. Мәселен, бағалы қағаздардың орталық депозитариі базасында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық меншікті бағалы қағаздар және тіркелген мәмілелер туралы бірыңғай деректер қорын құру жоспарланып отыр, бұл бағалы қағаздармен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге және олармен жасалған мәмілелерді тіркеу уақытын қысқартуға, сондай-ақ инвесторлардың шығасыларын төмендетуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк басшысы атап өткендей, бірыңғай қор құру биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының интеграцияланған ақпараттық жүйесін қалыптастыруға жол ашады, бұл нарық қатысушыларына бағалы қағаздарға баға белгілеумен алмасуға және ұйымдастырылмаған нарықта мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.

Данияр Ақышев кәсіби қатысушылардың қызметін ырықтандыру және олардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыстың жалғасатындығын да атап өтті.

"Банктер болып табылмайтын брокерлік компаниялар биржалық валюта нарығындағы сауда-саттыққа тікелей кіруді және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензиялар алу мүмкіндігін ұсынатын болады. Бұл валюталық тәуекелдерді хеджирлеудің қосымша құралдарын құруға және валюта бағамының құбылмалылығын төмендетуге мүмкіндік береді", - деді ол.

Бұдан басқа, Ұлттық банк төрағасының ақпараты бойынша, уәкілетті органның эмитенттерге қатысты бақылау-қадағалау функциялары қысқарады: бағалы қағаздар шығару және оларды орналастыру бойынша рұқсат беру рәсімдері оңтайландырылады, бұл эмитенттердің қор нарығына шығуын және олардың қызметінің ашықтығын арттыруға ынталандыратын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу