Бағалы металдардың еркін айналымын қамтамасыз ететін заң мақұлданды

681

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер келісімге 2019 жылдың 22 қарашасында Мәскеуде қол қойған. 

Бағалы металдардың еркін айналымын қамтамасыз ететін заң мақұлданды Фото: inform.kz

Мәжілістің жалпы отырысында "Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, келісім аясында одақтың кедендік аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымына жағдай жасалады.

"Құжат бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдардың ішкі нарығына қатысты құқықтық негіздер мен талаптарды айқындайтын 18 баптан тұрады",  деді ол.

Министр келісім ЕАЭО-ның зергерлік бұйымдарының ішкі нарығындағы саудада мүше мемлекеттердің сынамалық таңбаларын өзара танудың болмауына байланысты туындайтын шектеулерді жоятынын атап өтті.

"Яғни зергерлік бұйым Қазақстанда жасалса және сыналса, ол бұйымды ЕАЭО-ға қатысушы елдерде өткізу барысында қайта сынамалау қажеті болмайды. Сынамалық таңбаларды өзара тану бастапқы шолу сапарларынан кейін қамтамасыз етіледі. Мүше мемлекеттердің келісім ережелерін қаншалықты орындап жатқанын анықтау үшін мұндай сапарлар 5 жылда бір рет өткізіледі",  деді Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ, ведомство басшысы құжат өңделмеген табиғи алмастарды Одаққа мүше бір мемлекет аумағынан екіншісіне тасымалдау мәселесін қарастыратынын жеткізді.

"Ол өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберлий процесіне сәйкес іске асырылады. Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық ел - Кимберлий процесінің мүшесі",  деді ол.

Министр келісім аясында тиісті ақпарат алмасу мәселесі қарастырылғанын айтты.

"Бұл нормалар толық есеп жүргізуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді", деп түйіндеді сөзін Бейбіт Атамқұлов.

Дәурен Ерболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу