Бағаны тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге нәтиже бермеді - Бектенов

593

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік әлеуметтік-корпорациялар қызметі бойынша 11 қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бағаны тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге нәтиже бермеді - Бектенов

Олжас Бектенов агенттіктің биыл бірқатар салаға талдау жүргізгендігін қорытынды алқа отырысында хабарлады. Оның ішінде көліктік бақылау, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ақпараттық жүйелерді енгізу салалары да бар. 

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Оған инвестициялық жобаларды іске асыру сылтауымен жер учаскелерін конкурстан тыс беру, аффилденген тұлғаларға активтерді төмендетілген құн негізінде сату кіреді. 

"Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бөлінген 39 млрд.теңге нәтижесіз пайдаланылды. Несиелер үлестес компанияларға беріліп, міндеттемелердің орындалуына бақылау болмаған. Бұл фактілер бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеліп, шығын көлемі 7 млрд теңгеден асып отыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында бизнесті дамытуды ынталандыру, жеке сектормен қамтылмаған салаларды қолдау қағидаты жүзеге асырылмайды. Олар депозиттерден пайыз алу және мүлікті сату арқылы пайда табады. Агенттік тарапынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта қарау үшін ұсыныстар енгізілді", - деп атап өтті Бектенов.

Еліміздегі ақпараттық технологиялар нарығы мемлекеттік органдармен үлестес компаниялар тарапынан монополияға ұшырағанын көрсетіп отыр. Бұл отандық цифрландыру саласына жүргізілген мониторингтің қорытындысы. 

Қазақстанда пайдасы жоқ және бұрын қолданыста болған бағдарламалар "қайта әзірленеді". Мемлекеттік әр үшінші ақпараттық жүйе есептен шығаруға жатады (572-нің 178-і). Ал, қолданыстағы технологиялар жаңадан ойлап табылған күйде сатылып жатыр. Қазақстан цифрландыру саласына 400 млрд теңгеден астам қаражатты жұмсаған. Жыл сайын бұл жүйелерді қамтамасыз етуге 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. 

Агенттіктің нақты ұсынымдары негізінде жоғарыда аталған салаларға жұмсалатын жыл сайынғы мемлекет қаражаты нәтижесін береді деп күтеміз.   

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу