Байқоңыр ауданында үйлер кезең-кезеңімен бұзылатын болады – Алтай Көлгінов

652

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті. 

Байқоңыр ауданында үйлер кезең-кезеңімен бұзылатын болады – Алтай Көлгінов

Ең алдымен Күлтегін көшесінде жоғары вольтты электр беру желісі орналасқан Күлтегін, Асан қайғы, Сырдария, Лермонтов көшелеріндегі үйлерге баса мән беріледі.

Бұл туралы ауданының тұрғындарымен кездескен елорда басшысы Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Алайда бұл бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес. Орташа есеппен алғанда жоба 3 жылдан 5 жылға дейін созылады", – дейді әкім.

Айтуынша, жоғары вольтты электр беру желісіне қатысты проблеманың шешілмей келе жатқанына 26 жыл болған.

"Былтыр электр беру желісін шығару бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды қолға алдық, қазір ол сараптамадан өтіп жатыр. Ал биыл күзде ауқымды жобаны іске асыруға кірісеміз. Бірінші кезекте, жолдардың және инженерлік желілердің құрылысы жоспарланған учаскелердегі үйлер, сол сияқты электр беру желісі астындағы үйлер бұзылады. Бұған қоса бұзылатын үйлердің құнын белгілеу, оларды сатып алу және бұзу жұмыстары жүргізіледі", – деп жазды шаһар басшысы.

Асан қайғы көшесінде қосымша электр қуаты қосылғаннан кейін Күлтегін көшесіндегі электр желісі демонтаждалмақ. Қаізір жоспарлау жобасы әзірленген. Жеке сектордың орнына әлеуметтік нысандар, тұрғын үй кешені, қоғамдық кеңістіктер бой көтереді.

"Асан қайғы көшесінің өзінде 200-ден астам үй орналасқан. Мұнда біз Уәлиханов көшесіне параллель, инженерлік желілері толық сегіз жолақты жол салуды жоспарлап отырмыз. Міне осыдан кейін шағын аудан инвесторлар үшін де тартымды болмақ. Осылайша, биылдан бастап Күлтегін, Асан қайғы, Сырдария және т.б. көшелердегі үйлерді кезең-кезеңімен бұзуды бастаймыз", – дейді әкім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу