Байқоңыр қаласының прокуратурасы мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында 2024-2025 жылдары мемлекеттік меншіктегі 9 нысан бірқатар міндетті талаптарды орындау шартымен сенімгерлік басқаруға берілгені анықталды.
Сенімгерлік басқарушылар нысандарда бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, азаматтарды жұмыспен қамтуға, белгіленген мерзімде есеп беруге және мүлікті нысаналы мақсатына сай пайдалануға міндеттенген. Алайда баланс ұстаушы тарапынан бірнеше рет талаптар мен ескертулер берілгеніне қарамастан, бұл міндеттемелер орындалмаған.
Осыған байланысты прокуратураның ұсынуымен жалпы құны 161 млн теңге болатын 5 нысан бойынша кейіннен сатып алу құқығымен жасалған сенімгерлік басқару шарттары біржақты тәртіппен бұзылды. Нәтижесінде аталған мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар прокуратураның тұрақты бақылауында болады.