Байқоңырлық қариялар қос мемлекеттің зейнетақысын алып келген

2229

Прокуратура оларға Ресей Федерациясының зейнетақы қорына миллион рубльден астам соманы қайтаруды сұрап отыр.

Байқоңырлық қариялар қос мемлекеттің зейнетақысын алып келген

Қазақстандық 5 зейнеткер екі мемлекеттің зейнетақысын алып келген. Бұл жайында "Байқоңыр" кешенінің прокуратурасы мәлемдеді.

Рас, қазір олар бұл заңсыздықтары үшін жазалануы мүмкін. Өйткені, Байқоңыр қаласының қазақстандық тұрғыны, егер ол жалға беру жағдайында жұмыс істейтін осы қалада тұрақты тұруға рұқсаты болса, зейнеткерлік жасына жетсе, онда өмір бойы ресейлік зейнетақыға үміткер бола алады. Немесе қазақстандық Әлеуметтік қамсыздандыру органдарына жүгініп қазақстандық зейнетақыны ала алады. Бірақ қос мемлекеттен зейнетақы алу заңға қайшы болып саналады. 

"Байқоңыр қаласының тұрғындарын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықаралық келісімдерден көрініп тұрғандай, азаматтың Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру саласында бір мезгілде тұруға құқығы жоқ", – деп хабарлады "Байқоңыр" кешенінің прокуратурасы. "Зейнеткер зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыратын органға тиісті мән-жайлар басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей басқа мемлекеттен алатын зейнетақысын төлеуді тоқтатуды хабарлауға міндетті".

Яғни, егер сен ресейлік зейнетақы алатын болсаң, бірақ ХҚКО-ға құжаттарды тапсыра отырып, ҚР зейнетақымен қамсыздандыруға көшуді шешсең, онда бұл туралы бірден Ресей Федерациясының зейнетақы қорына хабарлауға тиіссін.

"Бірақ прокурорлық тексерумен Байқоңыр қаласының 5 тұрғыны ұзақ жылдар бойы Ресей зейнетақы қорының Байқоңыр қаласы бойынша бөлімшесінде зейнеткерлер ретінде есепте тұрғаны және Қазақстанда да жасына байланысты зейнетақы алғандығы анықталды", - дейді қадағалау органы.

Тексеру барысында Байқоңырда тұратын зейнеткерлер РФ зейнетақысын рәсімдеп, одан кейін Байқоңырдан басқа кез-келген қазақстандық елді-мекендегі туыстарына уақытша тіркеліп, қазақстандық зейнетақыны да рәсімдеген.

Осылайша қитұрқылыққа барған қариялар екі мемлекетті тел "еміп" келген. Егер прокуратура байқоңырлық азаматтардың зейнетақымен қамтамасыз етілуін тосыннан тексермегенде, бұл іс мәлім де болмас еді.

Қадағалау органы зейнеткерлердің бұл әрекетін алаяқтыққа балап отыр. Бүгінде қарттарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі шешілуде. Прокуратура оларға Ресей Федерациясының зейнетақы қорына миллион рубльден астам соманы қайтаруды сұрап отыр. Бұл шамамен 6 миллион теңге.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу