"Бәйтерек" холдингінің жалпы қарызы 8 трлн теңге

337

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы ұлттық компаниялардағы қарызды басқаруға қатысты мемлекеттік аудиттің нәтижесін жариялады.  

"Бәйтерек" холдингінің жалпы қарызы 8 трлн теңге Фото: gov.kz

Мәжілістегі брифингте Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 2025 жылы жүргізілген аудиттердің негізгі нәтижелері туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әлихан Смайылов жуырда мемлекеттік аудит аяқталған "Бәйтерек" холдингін мысалға келтірді. Жалпы холдингтің шоғырландырылған борышы 2024 жылы 8 трлн теңгеден асқан.

"Біз жаңадан алынған сыртқы қарыздардың бір бөлігінің тиімді инвестициялық жобалардың орнына холдинг компанияларының ішкі мәселелерін шешуге және бұрын алынған қарыздарды жабуға бағытталатынын анықтадық", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Оның айтуынша, кей жағдайларда аса қажеттіліксіз қарыздар алынған. Мәселен, "Даму" қоры Азия Даму Банкінен мемлекет кепілдігімен қомақты қаражат алады.

"Бұл қаржы екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған. Алайда бизнестен түскен өтінімдердің жетіспеушілігіне байланысты 11 млрд теңге кері қайтарылған. "Сонда бұл қаражат не үшін қарызға алынды?" деген заңды сұрақ туындайды", – деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір мәселе – квазимемлекеттік компаниялар мемлекеттік қолдау алған жобалар бойынша олардың жоспарлы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізу мәселесіне көңіл бөлмейді. Бұл негізінен жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және т.б. қатысты. Қолдау алған субъектілердің 32%-ы өз міндеттемелерін толық орындамай, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізбеген. Сондай-ақ жобаларды сапасыз іріктеу, басымдық берілмейтін салаларды қаржыландыру сияқты фактілер де анықталды.

Дәл қазіргі таңда "Самұрық-Қазына" қорында аудит жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Әлихан Смайылов Бас Прокуратураға жолданған 5 іс туралы жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу