Оның сөзінше, бизнеске несие беру процесі де цифрландырылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы басым секторларда инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру экономикалық өсімнің негізгі факторы болып қала беретінін еске салды. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктердің капиталын нақты секторды несиелендіруге тарту отандық экономиканы дамытуға айтарлықтай серпін бере түспек.
– Бірлесе отырып, қосымша тиімді қаржы құралдарын әзірлеу, бизнеске несие беру процесін оңайлату және цифрландыру қажет болады. Әкімшілік кедергілерді азайту және инвесторлармен жұмыстың икемділігін арттыру корпоративтік несиелендіру үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов өз сөзінде "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне қатысты да пікірін айта кетті.
– Даму институты ретінде "Бәйтерек" холдингі тек жобалардың операторы ғана емес, нарық сұраныстарын қалыптастыруға және бірлескен кәсіпорындар құруға қабілетті жаңа өсу бағыттарының бастамашысы болуы тиіс. Kazakh Invest мемлекеттік органдар мен даму институттарының барлық жобаға қолдау көрсету бағытындағы жұмысын тиімді үйлестіру керек, – деді ол.
Бұған дейін "Халықтың нақты табысы артатын болады" деген тақырыпта материал жариялаған едік.
Ал оның алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстандағы жанармай бағасы көрші елдерге қарағанда әлдеқайда арзан екенін айтқан болатын.