Ұшырылым кешенінде "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылуына дайындық аясында сынақтар жалғасуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мамандар зымыранның барлық жүйелері мен старттық кешен элементтерінің сенімділігін растау мақсатында кеңейтілген сынақ бағдарламасын орындап жатыр. Бұл "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышын әзірлеу кезінде де, старттық кешен инфрақұрылымын құру барысында да бұрын қолданылмаған жаңа инженерлік және технологиялық шешімдердің енгізілуімен байланысты.
Қосымша тексерулер барлық жүйелердің штаттық және штаттан тыс режимдегі тұрақты жұмысын растауға, ұшу сынақтарын өткізуге барынша дайындықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ алғашқы ұшырылымды қауіпсіз әрі сәтті жүзеге асыру үшін оңтайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
"Бәйтерек" – Қазғарыш пен Роскосмос арасындағы бірлескен кәсіпорын. Қазір ұшырылымға дайындық бойынша жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Бұл кезеңде технологиялық жүйелердің ғана автономды сынақтары жүргізілуде, келесі кезеңде кешенді түрде автономды сынақтарды жүргізу жоспарланған.
– Зымыранды пайдалануға 40-тан астам техникалық және технологиялық жүйе тартылған. Олардың жекелеген және бірлескен сынақтары өткізіліп жатыр. Зымыран-тасығыш монтаж-сынақ кешеніне жеткізілген соң жүйелер түйістіріліп, олардың өзара үйлесімді жұмысы тексеріледі", – деп атап өтті "Бәйтерек" БК" АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов.
Жоба серіктестері алғашқы ұшырылым мерзімдерін түзету туралы шешім қабылдады. Бұл шешім техникалық сипатта және жобаның ұзақ мерзімді сенімділігіне, қауіпсіздігіне және кешенді табысты пайдалануға бағытталғанын көрсетеді.
Ұшырылымға дайындыққа зымыран-ғарыш технологиялары саласында тәжірибесі бар мамандар мен өндірістік командалар тартылған. Барлық қызметкерлер жаңа техникамен жұмыс істеу үшін оқудан және тәжірибелік тағылымдамадан өтті, старттық кешенге қызмет көрсетуге барлығы дайын.
Монтаж-сынақ кешеніндегі автономды сынақтар аяқталған соң зымыран транспорттық-орнатқыш агрегатқа тиеп-орнатылып, старттық кешенге жеткізіледі, онда тік орнатылады.
Содан кейін соңғы тексерулер өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша алғашқы ұшырылым күні анықталады.