БАҚ: Хаменеидің ұлы Иранның жаңа Жоғарғы көсемі атанды

185

Иран билігі бұл ақпаратты әлі растамады.

БАҚ: Хаменеидің ұлы Иранның жаңа Жоғарғы көсемі атанды Фото: dailymail.co.uk

Жақында қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы болды. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасаған Deutsche Welle агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Десек те, бұл ақпаратты Иран билігі мен мемлекеттік БАҚ әлі растаған жоқ. DW дереккөздері Моджтаба Хаменейдің сайлануына қатысты шешім Ислам революциясы сақшылар корпусының қысымымен қабылданғанын айтады. Қазір елді үш адамнан тұратын кеңес уақытша басқарып отыр. Атап айтқанда, президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі аятолла Әлиреза Арафи. Соңғысы бірер күн бұрын елдің уақытша жоғарғы көсемі болып тағайындалған болатын. 67 жастағы  Арафи қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің сенімді серігі болған. 

Әли Хаменеи Иранды 1989 жылдан бері басқарды. Ол 28 ақпан күні Израиль мен АҚШ-тың шабуылы барысында көз жұмды.

Жалпы алғанда, Иранның жоғарғы көсемі бұл қызметті өмір бойына атқарады. Бұл лауазымға үміткерді сарапшылар кеңесінің мүшелері тағайындайды. Оның құрамына ислам құқығы саласында білімі бар 88 адам кіреді. Иран халқы оларды әр сегіз жыл сайын сайлайды. Соңғы сайлау 2024 жылы өтті.

Израиль мен АҚШ-тың шабуылы салдарынан Иранда 787 адам қаза тапты. Бұл туралы 3 наурыз күні жергілікті БАҚ хабарлады. Иран қарымта жауап ретінде Израильге және Парсы шығанағындағы бірнеше елге соққы жасады, ол жақта да қаза тапқандар бар. Тегеран аймақтағы америкалық әскери базаларды нысанаға алғанын мәлімдеді.

Айта кету керек, бұған дейін Иран халықты жаппай бақылау үшін бет-әлпетті тану жүйесін қолданатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу