Бақилық болған дәрігерлердің ордендері олардың жақындарына табысталды

769

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семейге барып, Президенттің атынан коронавирус пандемиясына қарсы күресіп, көз жұмған дәрігерлердің туыстарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Бақилық болған дәрігерлердің ордендері олардың жақындарына табысталды

"COVID-19 инфекциясымен күресте жанқиярлық еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін олар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Ақ халатты абзал жандарымыз қауіп-қатерді ұмытып науқастардың өмірі үшін күресті",– деп жазды әкім фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен Семейде ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен қайтыс болғаннан кейін жоғары санатты дәрігер-кардиохирург, "Семей медицина университеті" КЕАҚ госпиталінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарған Бекжан Серікбосынұлы Бұланов марапатталды. Оның артынан жұбайы, екі қызы және бір жарым жастағы ұлы қалды.

"Құрмет" орденімен қайтыс болғаннан кейін "Семей медицина университеті" КЕАҚ госпиталінің дәрігері Нұргүл Рамазанқызы Бәркібаева марапатталды. Екі қыз тәрбиелеп отырған асыл ана еді.

"Құрмет" орденімен қайтыс болғаннан кейін Семей қаласының №4 емханасының эндокринолог-дәрігері Фарида Қайсенқызы Түсіпбаева марапатталды. Зейнет жасына келсе де, қызметін тастамай, коронавируспен күресте алғы шепте еңбек етті.

"Құрмет" орденімен қайтыс болғаннан кейін Көкпекті аудандық ауруханасының офтальмологы Мұхамедхан Алтынқанұлы Мұсабеков марапатталды. Кадр тапшылығын түсінген маман зейнетке шықса да қиын кезде қолдау көрсетіп, қызметін жалғастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу