Астанада Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында Наурызнама онкүндігі аясында "Бақытты шаңырақ жыры" атты ерекше қойылым көрермен көзайымына айналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кейінгі кезде қазақ театрлары қарқынды дамып, тек өнер ордасы ғана емес, тағдыр тоғыстырар қасиетті мекенге айналып келеді. Соның жарқын дәлелі – аталған театр ұжымынан 19 жұптың шаңырақ көтеруі. Бір сахнада табысқан жандардың өмірде де жұптасып, бір шаңырақ астында бақыт табуы театрдың өмір мектебі екенін айқын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұжымды "ғашықтар мекені" деуге толық негіз бар.
Қойылымның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
"Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Биыл үшінші жыл қатарынан елімізде 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі аталып өтуде. Бүгін – 17 наурыз, Шаңырақ күні. Біздің театрымыз шаңырақ көтергендер саны бойынша республикада алдыңғы орында деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі тақырыбымыз да "Бақытты шаңырақ жыры".
Бүгін шырқалатын ән мен оқылатын өлеңнің барлығы махаббат пен отбасыға арналған. Шаңырақ күні құтты болсын!" – деді Асхат Маемиров.
Кеш барысында театр әртістері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ән мен жыр арқылы махаббат пен отбасының қадір-қасиетін көрерменге әсерлі жеткізе білді.