Бақытжан Сағынтаев жаңа мәслихат депутаттарына қандай міндеттер жүктеді?

956

Алматыда жұмыссыздықты азайту жөнінде Жол картасы әзірленеді.

Бақытжан Сағынтаев жаңа мәслихат депутаттарына қандай міндеттер жүктеді?

Алматы әкімі қала мәслихатының 1-сессиясында жаңадан сайланған депутаттарға бірқатар тапсырма берді. Мәселелерді бірлесіп шешуіміз керек деген шаһар басшысы басты бағыттардың бірі – жұмыс орындарын құру екенін атап өтті. Осылайша қалада жұмыссыздықты азайту жөнінде Жол картасы әзірленбек. Негізгі мақсат – жұмыссыздық деңгейін алдағы бес жылда 5,1%-ға дейін төмендету. Сонымен қатар, орташа жалақыны 320 мың теңгеге дейін арттыру және 240 мыңнан астам жұмыс орнын құру.

"Жаңа Алматы" кешенді жоспары аясында қала шетін дамыту және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында биылғы жылы бюджеттен 85 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жалпы, жыл бойы барлық қаржы көзінен шамамен 200 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарда.

"Қаланы толық жарықтандыру бойынша жұмыстар жүруде, мұнда жарық мүлдем болмаған орындарға ерекше назар аударылды. Тек 2020 жылы 1,4 мыңнан астам көше жарықтандырылды, биыл тағы 600-ден астам көшені жарықтандыру қажет. 2023 жылға қарай біз қала тұрғындарының 99,3%-ын сапалы ауыз сумен, 100% газ және көшені жарықтандырумен қамтамасыз етуіміз қажет",- деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар әкім шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы да сөз қозғады. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жыл сайын шағын және орта бизнеске кемінде 30 млрд теңге несие бөлінетінін айтқан ол, алдағы 5 жыл ішінде қаланың ЖӨӨ-де ШОБ үлесін 40%-дан 45%-ға дейін арттыру жоспарланғанын жеткізді.

Бес жыл ішінде NEET санатындағы 3 мыңнан астам жас буын кәсіби оқудан өтеді. "Жасыл ел" аясында 5 мың жас уақытша жұмыс орындарымен қамтылады. 25 ЖОО-да 16 мың орындық 38 жатақхана, колледждерде 600 орындық 2 жатақхана салынады. Жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмысшы жастарға 5 мыңнан астам пәтер беріледі деп күтілуде.

 

Сондай-ақ әкім биыл халықты әлеуметтік қорғауға 39,9 млрд теңге бөлінгенін хабардады. Бұған қоса ол шаһарда 12600 орындық 8 мектептің, 8388 орындық 17 жаңа корпустың (қосалқы нысан), 640 орындық 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысын аяқтау көзделгенін атап өтті.

"Денсаулық сақтау саласында 5 нысан салынатын болады. Экология саласында ЖЭО-2 модернизациялау бес жыл ішінде аяқталады, қатқыл тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен утилизациялаудың үлесі 11%-дан 24%-ға дейін артты, қаладағы жасыл алқаптар аумағы 14 млн шаршы метрден 16,8 млн шаршы метрге дейін ұлғайды", - деді ол.

Сессия соңында Бақытжан Сағынтаев қатары жаңарған мәслихат депутаттарын алматылықтардың өмірін жақсарту бойынша міндеттерді шешу үшін күш-жігерлерін салуға шақырды.

"Сіздерді қала тұрғындарымен белсенді жұмыс жасайтындарыңызға сенімдімін", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу