Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді

961

Өңірге келген бойда Бақытжан Сағынтаев биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді. 

 Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді

Бүгін ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Мұнда білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен, сондай-ақ кәсіпкерлер қауымымен президенттің "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" жолдауын іске асыру жөнінде кездесулер өткізіледі, деп хабарлайды primeminister.kz.    

Жұмыс сапары барысында премьер-министр бірқатар ірі инфрақұрылымдық нысандарды аралайды. Қытаймен шекарадағы "Нұр жолы" автомобиль өткізу пунктінің, "Қорғас" ШЫХО бақылау-өткізу пунктінің жұмыстарын және шекара маңы ғимараттарының құрылысы барысын тексереді. Оған қоса, Бақытжан Сағынтаев келесі жылы пайдалануға берілетін шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметімен және 100 мыңға жуық адамды орналастыруға арналған "Нұркент" жаңа қаласын дамытудың бас жоспарымен танысады.

Облыс орталығында әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымның жаңа нысандарын барып көреді. Мәселен, техникалық мектеп-лицейді аралау кезінде өңірде ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасымен және оны одан әрі жетілдіру жұмыстарымен танысады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы, "Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын" іске асыру, соның ішінде газдандыру мәселелері, сондай-ақ, ТҰК тарапынан инвестициялар тартуға қажетті жағдайлар жасау, МЖӘ қағидасын қолдануды кеңейту және ішкі әрі сыртқы туризмді дамыту мәселелері қаралады.

Өңірге келген бойда Бақытжан Сағынтаев биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді. Бұл нысан ішкі және халықаралық әуе қатынастарына ұшатын жолаушыларға, сондай-ақ, шығарып салушылар мен күтіп алушыларға жыл бойы ұшар алдындағы және қонғаннан кейін кешенді қызметті көрсетуге арналған.

Бұдан өзге, Алматы облысының әкімі А. Баталов Үшарал қаласының әуежайын дамыту және Алакөл көлінің жағалауын бекіту жобаларымен таныстырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу