Бақытжан Сағынтаевқа "Ақылды құс фабрикасы" жобасы таныстырылды

801

 Бақытжан Сағынтаевқа "Ақылды құс фабрикасы" жобасы таныстырылды

Бүгін Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында "Жас Қанат – 2006" ЖШС-де болды, онда "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан "Ақылды құс фабрикасы" пилоттық жобасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кәсіпорынды аралау кезінде "Жас Қанат – 2006" ЖШС директоры Қайрат Маишев "Бизнестің жол картасы – 2020" аясында жүргізіліп жатқан жаңғырту шаралары туралы айтып берді. Жалпы, кәсіпорын жаңғыртудың үш кезеңінен өтті, барлық қажетті инфрақұрылым құрылды, ең жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды. Инвестициялар көлемі 3 млрд теңгеден асады.

Процестерді автоматтандыру жұмыртқа өндірісін жылына 7 млн-нан 250 млн данаға, яғни шамамен 35 есеге дейін ұлғайтуға, ет өндірісін 30 тоннадан 500 тоннаға дейін немесе 15 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Құстардың орны 100 мыңнан 1,4 млн-ға дейін немесе 14 есеге артты. Еңбек өнімділігі 1,5 еседен астамға өсті.

Бақытжан Сағынтаевқа сұрыптау цехында қуаттылығы сағатына 120 мың жұмыртқаны құрайтын жапондық "Nabel" жабдығы таныстырылды. Жаңа технологиялар өнімдерді қолмен таңбалау мен сұрыптаудан босатуға мүмкіндік берді. Бұдан өзге, кәсіпорында жұмыртқа салатын қораптар шығару желісі іске қосылды. Өндірісті автоматтандыру күніне сегіз сағаттық жұмыс күнінде миллионға жуық жұмыртқаны тасымалдауға және қаптауға мүмкіндік береді.

Өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірлерінде сатылып, Ресейге, Ауғанстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға экспортталады. Биыл өнімді Иран мен Қытайдың жаңа нарықтарына экспорттау басталды.

Сонымен қатар, алдағы үш жылда цифрлық технологияларға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция салу жоспарланып отыр. ERP (Enterprise Resource Planning) жүйесін енгізу технологиялық процестердің сапасын жақсартуға және өндірістік мәселелерді жедел шешуге, соның ішінде қашықтан шешуге жол ашады. Бұдан өзге, одан әрі жаңғырту аясында жұмыртқаны, ет және басқа да өнімдерді терең өңдеуге арналған автоматтандырылған желіні іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ, 2019–2021 жылдарға импорт алмастыруды дамыту мақсатында әлемнің жетекші өндірушілерінің толық автоматтандырылған жабдығымен жабдықталған асыл тұқымды репродуктор құрылысы жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру импортты 40% төмендетуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу