Олжас Бектеновтің сөзінше, енді қазақ тіліндегі балалар әдебиеті цифрлық форматқа көшірілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі уақытта электрондық кітапхананы құру жұмыстары "Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы" базасындағы "Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы" (бұдан әрі – "ҚазҰЭК") ақпараттық жүйесі шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Онда цифрлық форматқа аударылған отандық басылымдар (сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар мен мерзімді басылымдар) жинақталған. Бұл электронды кітапхана құжаттарды жинау, жүйелеу, каталогтау жұмыстарын жүргізеді, сол арқылы цифрлық мұрағатты қалыптастырады. Бұл ретте "ҚазҰЭК" ақпараттық жүйесі қазақ тіліндегі балалар әдебиетін цифрлық форматтауды жүргізеді, – деді Премьер-министр.
Еске салайық, Үкімет басшысы Сенат депутаттарының балалар әдебиетін дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылдау ұсынысына да жауап қатқан еді.
Айталық, "ҚазҰЭК" қорында ертегілер, батырлар жырлары, аңыз әңгімелер, мифтер, көркем әдебиет және энциклопедиялар топтастырылған 1300-ден аса балалар әдебиеті бар.