Енді жоспардан тыс тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізілуі мүмкін, алайда ол тек нақты деректер мен ресми дәлелдер болған жағдайда ғана басталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа тәртіп шамамен 15 мыңға жуық мекемені қамтиды. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, интернаттар, студенттік жатақханалар, балалар үйлері мен медициналық-әлеуметтік ұйымдар бар.
Жаңа бақылау жүйесі балалардың нақты өмір сүру жағдайын қадағалауға және мекеме басшыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте анонимді өтініштер жоспардан тыс тексеруге негіз бола алмайды. Егер азамат балалардың құқықтарының бұзылуына куә болса, ол e-Otinish порталы арқылы ресми өтініш беруі қажет. Тек осындай өтініш негізінде ғана тексеру рәсімі басталады.
Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл механизм жазалау мақсатында емес, тәуекелдерді дер кезінде анықтап, балаларға қауіп төнуінің алдын алу үшін енгізілген. Ал жоспарлы тексерулердің тізімі жыл сайын автоматты түрде жасалып, уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.