Балалар үйіндегі дау - жалақы жырымдалып, қысқарту жүріп жатыр

246

40 градус ыстықта бізді аула сыпырушы, бау-бақша жұмысшысының орнына жұмсады.

Балалар үйіндегі дау - жалақы жырымдалып, қысқарту жүріп жатыр Фото: pro-dachnikov.com

Таразда "Үміт" балалар үйінің тәрбиешілері "7 айдан бері жалақымыз жырымдалды" деп жыларман. Айтуларынша, басшылық нысанға жүргізіліп жатқан жөндеуді желеу етіп, 3 ай бойы жарты ставкалық жалақыға қол қойдыртқан. Бірақ мердігер мерзімнен кешігіп, жалақы да сол күйі қалыпты. Мамандар түптеп келгенде, бұл "қысқартудың айласы ма" деп күдіктенеді. Одан өзге тәрбиешілер түрлі шаруаға тартылса да, тиесілі үстемақыны да ала алмай дал, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Таразда "Үміт" балалар үйінен маза кеткен. 7 ай бұрын мұнда күрделі жөндеу қолға алынған. Даудың басы да осыдан басталыпты. Жөндеуді желеу еткен басшылық "табыс уақытша төмендейді"  деген, дегенмен  28 тәрбиеші тақырға отырған. Өйткені 3 айға ғана қысқаруы тиіс жалақы 7-ші айға өткен.

"Тек қана айлық бізде қысқарады. Бастық толық жалақы алады. Бухгалтер толық алады. Әкімшілік толық жалақы алады. Онлайн отырып, толық жалақы алады. Тек қана тәрбиешілерде", - дейді "Үміт" балалар үйінің тәрбиешісі Айгүл Қайнарбаева.

Қызметкерлер қазір қол қойғанына өкінеді. Өйткені бұған дейін жалақы 200 мың теңгеге жетер-жетпес болған. Қазір 80-90 мың теңге шамасында. Сорақысы жөндеу кезінде түрлі тазалық жұмысына тартылғанын айтады.

"Бізді жаз бойы міндетімізге кірмейтін нәрсеге жұмсады. 40 градус ыстықта бізді аула сыпырушы, бау-бақша жұмысшысының орнына жұмсады. Тағы құрылысшылардың орнына біз бәрін жинадық. Соның бәрін бізге істетті де, бізге ешқандай ақы төлеген жоқ", - дейді "Үміт" балалар үйінің тәрбиешісі Ғазиза Нилдебаева.

Өткен қыркүйек айында елде тәрбиеші-педагогтердің еңбекақысы 30 пайызға артқан. Бірақ балалар үйіндегі бұл мамандар "мүмкіндіктен қағылдық" деп қапа.

"Біз білім мекемесінде қызмет етпегендіктен, "тәрбиеші-педагог" ретінде  мұндай өзгерістен құр қалдық. Өйткені педагог санатына жатқызылмай отырмыз", - дейді "Үміт" балалар үйінің тәрбиешісі Рая Дәуренбекова.

Рас. Нысан бұрын білім басқармасының балансында еді. Қазір денсаулық сақтау саласының теңгерімінде. Ал бұл салада "педагог" статусы қаралмапты. Сондықтан үстемақы берілмейді. 20 адамның қысқаруына жөндеуден бөлек, балалар санының азаюы да себеп екен. Нақтысы қазір 30 балаға 144 қызметкер. Басшылық "қаржыны мақсатсыз жаратқымыз келмеді" деп ағынан жарылды.

"Бұл мекеменің қуаттылығы 70 төсек-орнына арналған. Соған сәйкес қаржыландырылады. Соған сәйкес штаттық бірліктер мен медициналық қызметкерлер қабылданады. Соған қарамастан 4 группа ашуға бұйрық беріп отырмыз, - деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова. 

Басшылық жалақы жуық арада бәз-баяғы қалыпқа енеді деп отыр. Қысқарған мамандар білім басқармасы арқылы мемлекеттік балабақшаға жұмысқа тартылады. Ал нысан жөндеуіне 414 млн теңге алған мердігерді енді басқарма сотқа бермек. 4 айға кешіккен компания "бар ақау 1 аптада реттеледі" дейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу