Балаларды аяусыз ұрған павлодарлық тәрбиеші бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Павлодарда сот отырысы басталды.  

Балаларды аяусыз ұрған павлодарлық тәрбиеші бас бостандығынан айырылуы мүмкін Фото: baq.kz

Өткен жылдың маусым айында облыс орталығындағы №116 балабақша тәрбиешісі бүлдіршіндерді аяусыз ұрып, шашынан жұлқылаған видеосы тараған еді. Жарты жылдан астам уақытқа созылған тергеу аяқталып, іс сотқа жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Таралған бейнежазбада 33 жастағы балабақша тәрбиешісінің қатыгездігі анық көрінеді. Ол балаларды бір қатарға тізіп отырғызып, бірінің шашын жұлған, бірін шапалақпен дүрсе қоя берген, тағы бірін жұлқылап орнынан тұрғызған. Тіпті, киім ауыстырғанның өзінде дөрекелік танытып, балаларды жұлқылаған. Мұның барлығы екі аптаға жалғасқан. Бұл топтағы тәрбиеленушілер – 2022 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер. Олардың көбі жасына байланысты әзірше толық сөйлей алмайды. Сондықтан болған жайттарды ата-аналарына айта алмаған. Ересектер балаларының мінезі өзгергенін аңғарып, бейнебақылау камераларын тексерген кезде ғана жаға ұстатар жайт туралы біліп, бірден полицияға арыз түсірді. 

"Біз тәрбиешінің өз әрекеттері үшін жауап бергенін қалаймыз. Заң бойынша қандай жаза қарастырылса, соны арқалағаны дұрыс деп санаймыз. Бұл өзіне де, өзгеге де сабақ болуы тиіс. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға қол көтерген адамға кешірім болмауы керек", – дейді аналардың бірі Мария Терентьева. 

Полиция өкілдері жарты жылдан астам уақыт тергеу жүргізіп, әр балаға қатысты сараптама жасады.

Нәтижесінде тәрбиешіге екі бап бойынша айып тағылып отыр. Анығын айтқанда, 16 бала қатыгездіктен зардап шексе, төрт бала бірнеше рет соққы алып, қорлық көрді. 

Прокурорлар бұл отырысты өзгелерге сабақ боларлық етіп өткізуді ұсынды. Сөйтіп, алғашқы отырысқа Павлодар қаласындағы балабақшалардың қызметкерлерін шақырды. Ендігі ретте жәбірленушілер, куәгерлер мен айыпталушының өзі тыңдалады. Атап өтерлігі, бұрынғы тәрбиеші кінәсін толығымен мойындады. Оның өзі де – үш баланың анасы. Кенжесін өткен жылы ғана дүниеге әкелді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу