Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу туралы ұсыныстарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Бұл ескі аккаунттарға да қатысты ма? Шектеулер енгізілгеннен кейін жасөспірімдер қолданыстағы аккаунтарына кіре алмайтын бола ма?" деп сұрады.
"Бұл қолданыстағы, яғни тіркелген аккаунтарға қатысты емес. Шектеулер аккаунттар жаңадан құрылып, олардың верификациясы кезінде қолданылады. Осы тұста бұл мәселе қазір талқыланып жатқанын атап өткім келеді. Сол себепті қазір ол нақты қалай көрініс табатыны туралы айту әлі ерте", – деді вице-министр.
Евгений Кочетов әлемдік тәжірибеге де тоқталды.
"Күні кеше Испанияның премьер-министрі Дубайда өткен World Government саммитінде өз елдерінде балаларға қатысты ақпараттық саясат қайта қаралатынын жеткізді. Яғни, олар шектеулер енгізеді. Испания мен испан тілді мемлекеттер әлемдегі барлық онлайн платформалардың үлкен бөлігін алып отыр. Осыған ұқсас шектеулерді Францияның заң шығарушы органы талқылау үстінде. (Әлемде) балаларды әлеуметтік желіден шектеу үрдісі жүріп жатыр", – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, министрлік осы жылдың соңына дейін заң жобасын Парламентпен бірге талқылауы қажет.