Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
– Республикада 100-ден астам жекеменшік балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықтар жыл сайын мемлекеттік сатып алу аясында жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ "Қазақстан халқына" ҚҚ-ның қолдауымен "Жаздық жолдама" жобасы арқылы қаржыландырылатын квоталар (жолдамалар) алады, – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің сөзіне қарағанда, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында 2027 жылы 3 өңірде (Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында) білім беру-сауықтыру қызметтерін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін пилоттық режимде енгізу көзделген.
– Сонымен қатар, жекеменшік білім беру-сауықтыру орталықтарын қолдаудың қосымша шаралары "Даму" қорының жеңілдетілген несиелендіру тетіктері, материалдық-техникалық базаны жаңғырту арқылы пысықталады. Ұлттық білім беру платформасының базасында балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруға арналған "BalaCamp.kz" бірыңғай цифрлық порталын іске қосу жоспарланған, – деді ол.