Әсіресе, олардың музыкаға деген қызығушылығының артуы қуантады. Бұл өнерге бір табан жақын болу ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойға сіңірудің де таптырмас жолы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астанада 40 жылдық тарихы бар Ермек Серкебаев атындағы №3 Балалар музыка мектебінде 1060 бала оқып жатыр. Мұнда жүзден астам педагог еңбек етеді. Қазақ ұлт аспаптары бөлімінде домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, шертер сыныптары бар. Вокал бөлімі эстрадалық, дәстүрлі ән және академиялық вокал сыныптарына бөлінген. Фортепиано бөлімінде пианистер тәрбиеленеді. Орыс халық аспаптары және музыкалық аспаптар бөлімі де жұмыс істеп тұр. Бесіншісі – ішекті аспаптар бөлімі. Оның ішінде скрипка және виолончель сыныптары бар. Музыка мектебінің директоры, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері, "Мәдениет саласының үздігі" Гүлмира Жангелдінің сөзінше, балалар мен жасөспірімдердің музыкаға деген қызығушылығы қашан да жоғары.
"Еңбек жолымды алғаш рет 1992 жылы бастадым, биыл педагог болып жүргеніме 34 жыл болады. 2009 жылдан бері басшылық лауазымдарды атқарып келемін. Осы уақыт аралығында байқағаным музыкаға деген қызығушылық ешқашан да төмен түспеген. Көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Соңғы жылдары ұлттық аспаптарға, әсіресе, домбыра, жетіген, қобызға қызығушылық артып келе жатыр. Шертер, сазсырнай, қылқобыз аспаптарын дамытсақ деген арман бар. Болашақта айтыс өнері сыныбын ашсам деген жоспарым бар", – деп атап өтті Гүлмира Жангелді.
Айтуынша, кішкентай балаларға ерте жастан бастап тақпақ, санамақ, бесік жыры, қысқа әндерді, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді үйрету қажет. Осылайша олардың тілдерін дамыту керек.
"Балаларды музыкаға баулыған жөн, өйткені музыкамен айналысатын баланың есте сақтау қабілеті, ойлау өрісі жақсы дамитын болады. Аспапта ойнауды да үйрету керек. Музыка сабырлыққа, салмақтылыққа, төзімділікке, сенімділікке үйретеді", – деді спикер.
Осы тұста Гүлмира Жангелдінің алғашқы мамандығы хор дирижері екенін тілге тиек еткен жөн. 1999 жылы құрылған "Айналайын" балалар хоры оның авторлық жобасы екенін бірі білсе, бірі білмес.
"Ол уақытта жас педагогпін, көптеген байқауға оқушыларды апаратын кез. Конкурстарда қазылар алқасының мүшесі де болдым. Сол кезде байқағаным, балалар ересектерге арналған әндерді орындап жүр екен. Яғни, балалық деңгейіне, жасына сай келмейтін әндер. Осы мәселені қалай шешуге болады деген ой келді. Ол кезде "Айгөлек", "Жалқаубек" секілді бұрыннан келе жатқан әндер бар еді. Әрине, олар жақсы әндер, оған талас жоқ. Бірақ балаларға арналған өлеңдер аздық ететін. Осылайша "Айналайын" балалар хорын ұйымдастырып, осы жобаны бастадым. Балаларға арналған қазақ тіліндегі әндерді жарыққа шығарып, оны насихаттау басты мақсат болатын. 27 жылдың ішінде 500-ден астам авторлық әндерді орындадық", – деді спикер.
Айта кету керек, 2025 жылы 31 желтоқсан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа жылдық құттықтауынан кейін "Айналайын" балалар хоры Мемлекеттік Әнұранды орындаған болатын.
"Бұл үлкен жауапкершілік еді. Бұрынғы мектептен мына мектепке ауысқанда барлық әнші балаларым сол жақта қалды. Осы жерде жаңадан құрам құру оңай шаруа емес, дегенмен үлгердім. Бір айдың ішінде екі-үш дауысқа бөліп, Мемлекеттік гимнді орындатқызып, костюм дайындап, бұл міндетті абыроймен алып шықтық", – деді музыка мектебінің директоры.
Жастайынан балалардың бойындағы шығармашылық әлеуетін ояту өте маңызды. Музыканы сезіну, әуен арқылы эмоцияны білдіру, ырғақты түсіну баланың қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтетіні сөзсіз.