Әрі Еспанов "Екі билет сату" соншалықты пайда табу емес екенін де қоса кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әншінің сөзінше, "Қайрат" пен "Реал Мадрид" ойынына ұлы билетті өзі сатпаған, тек таныстарының өтінішін орындапты.
– Достар, сіздер қызықсыздар. Қолымда билет болса, қазір матчта отырмаймын ба? Менде билет жоқ. Балам билет сатса, "сатпа, өзіміз ала салайық" деп айтатын едім. Менің де достарым бар. Ол билет баламда жоқ. Өзінікі емес, дос балалары "әлеуметтік желіге салып берші" деп өтінген ғой. Сіздерге бір сұрақ қояйыншы: екі билет сатып алып, ойынға бара алмай қалсаңыздар, не істесеңіздер де өздеріңіз білесіздер ғой. Қымбатқа сатасыз ба, күйіп кете ме, өзіңіз білесіз. Бұл ешқандай жемқорлық емес. Менің балам кімді жеп жатыр екен? – деп ақталды әнші.
Өнер иесінің ұлы Олжас Еспанов та әлеуметтік желіде осы сарындағы жазба жариялады.
– Ағайын, менде билет жоқ. Билеттер менікі емес. Билет болса, стадионда отырмаймын ба? Мен магнумда жүрмін, – деп қысқа қайырды ол.
Бұған дейін Нұрлан Еспановтың ұлы "Бір билет бағасы – 600 мың теңге. 500 мыңдық билеттер де бар.
Билеттер қайта сатылымға шықты. Аз-маз саудасы бар. 34-сектор, 9-қатардан екі билет бар. Әрқайсысы – 500 мың теңгеден. "Қайрат" клубының мүшелеріне шақыру билеттер. ЖСН жазып керек емес, сканерлеп өте бересің" деп жазған еді.
Бүгін ІІМ матч билетін қымбатқа сатқандардың әрекетін тексеруге дайын екенін хабарлаған еді.