Құрылтай "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, құжат төрт негізгі бағытты қамтиды.
Біріншісі – электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамыту.
"Жаңартылатын генерацияның үлесі өскен сайын артық электр энергиясын жинақтап, сұраныс жоғары кезде пайдалануға мүмкіндік беретін технологияларға қажеттілік артып отыр. Қазір энергия жүйесінің маневрлік қуатқа қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланады. Оның шамамен 2 ГВт-ын ЖЭК жобалары арқылы қамтамасыз ету жоспарлануда, қалған 1 ГВт үшін инвестиция тартудың қосымша тетіктері құрылады. Ол үшін жинақтау жүйелерінің жобаларын бәсекелестік аукциондар арқылы іріктеу және Бірыңғай сатып алушының осы жүйелер қуатының қолжетімділігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерге 15 жылға дейінгі шарттар негізінде ақы төлеуі көзделеді. Бұл инвесторларға болжамды жұмыс шарттарын қамтамасыз етеді", – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар жинақтау жүйелері электр энергиясын тұтыну аз кезеңде арзан бағамен сатып алып, сұраныс жоғары кезде қымбат сату арқылы бағалық төрелік жүргізе алады. Табыс нарықтағы баға жағдайына байланысты болады, ал мемлекет пайда табуға да, шығындардың өтелуіне де кепілдік бермейді, деп атап өтті ол.
Екінші бағыт – екіжақты шарттар бойынша электр энергиясын сату тетігін жетілдіру.
"Бүгінде ЖЭК объектілері электр энергиясын тұтынушыларға тікелей сата алады. Алайда, мысалы, сатып алушы банкротқа ұшырап, шарт тоқтап қалса, инвестор мен оның кредиторлар алдындағы міндеттемелері үшін тәуекел туындайды. Осыған байланысты объект екіжақты шарт бойынша кемінде 36 ай электр энергиясын жеткізген болса, оған Бірыңғай сатып алушыға сатуға көшуге мүмкіндік беру ұсынылады. Баға соңғы үш жылдағы ең төмен аукцион бағасын ескере отырып белгіленеді", – деді министр.
Негізгі мақсат – автоматты көшу немесе қосымша жеңілдік беру емес, сатудың тоқтап қалу қаупін азайту, жобалардың кредит алу қабілетін арттыру және қаржыны тиімдірек жағдайда тарту.
"Үшіншіден, жылумен жабдықтау және өнеркәсіпте энергия ресурстарын тиімді пайдалану. Заң жобасы заманауи технологияларды тек электр энергетикасымен шектемей, жылумен жабдықтау мен өнеркәсіпте де қолдануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, төмен потенциалды және қалдық жылуды, қайталама энергетикалық ресурстарды, жылу сорғыларын, биомассаны, биогаз бен сутегіні пайдалану көзделеді. Талаптар нақты объектінің техникалық мүмкіндігіне қарай белгіленеді", – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Төртінші бағыт – баламалы энергетиканың жаңа бағыттары үшін құқықтық негіз қалыптастыру.
Заң жобасы сутегі технологияларын дамытуға, антропогендік және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардан энергия өндіруге құқықтық негіз қалайды.
Сондай-ақ жинақтау жүйелері операторларының мәртебесі және олардың Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің жұмыс режимін басқарудағы рөлі айқындалады.