Бали жағалауында 65 адам мінген паром суға батып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Риа Новости" басылымына сілтеме жасап.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, оқиға жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 23:20 шамасында болған. Паромда барлығы 53 жолаушы және 12 экипаж мүшесі отырған.
"Индонезиядағы Бали аралына бағыт алған паром суға батып кеткеннен кейін, төрт адам қаза тапты, ал 23 адам құтқарылды", – делінген хабарламада.
Тағы 38 адам хабар-ошарсыз кетті.
Жолаушылардың азаматтығына қатысты ресми ақпарат әлі жарияланбады. MetroTV телеарнасының алдын ала мәліметіне сәйкес, паромда шетелдіктер болмаған.
Индонезия 17 мыңнан астам аралдан тұрады. Соңғы рет ірі апат 2023 жылы Сулавеси аралына жақын маңда тіркелді. Шағын паром аударылып, 15 адам қаза тапқан болатын.