Балидегі демалыс азапқа айналуы мүмкін: Сыртқы істер министрлігі сақ болуға шақырды

1742

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Балидегі су тасқынына байланысты ел азаматтарынан көмек сұраған өтініш түспегенін мәлімдеді.

Балидегі демалыс азапқа айналуы мүмкін: Сыртқы істер министрлігі сақ болуға шақырды Фото: tenginews.kz / ЖИ-мен өңделген

Ведомство өкілдері әзірге аралға кіруге шектеу қойылмағанын, алайда сапарды мұқият жоспарлау қажеттігін ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Индонезияның Бали аралында толассыз жауған нөсер салдарынан бірқатар туристік аймақты су басты. Көшелерде көлік қозғалысы қиындап, құтқарушылар адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға мәжбүр болды.

Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аралға сапар шегуді жоспарлаған азаматтарға үндеу жасады.

"Балиде толассыз жауған жауын-шашын Индонезиядағы жыл сайынғы жаңбыр маусымына байланысты. Жергілікті билік әзірге аралға кіруге және баруға шектеу енгізген жоқ. Халықаралық әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. ҚР СІМ азаматтарға сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге және жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға кеңес береді", – делінген ресми хабарламада.

The Bali Times газетінің жазуынша, толассыз нөсерден туристер жиі баратын Кута мен Семиньяк аудандары қатты зардап шеккен.

Шетелдік туристер жүктерін қолдарына көтеріп, су басқан көшелермен жаяу жүруге мәжбүр болған. Ал кейбір автокөліктер мен мотоциклдер қозғалысын жалғастыра алмай, жолда тұрып қалған.

Министрлік қазақстандықтарға ауа райы жағдайын ескеріп, жергілікті биліктің қауіпсіздікке қатысты нұсқауларын орындауға кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу