Балқашқа баратын туристер ағыны 5 есе артуы мүмкін

1231

Аймақта жолдар жөнделіп, жағалауларды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.  

Балқашқа баратын туристер ағыны 5 есе артуы мүмкін

Балқаш көлінің аумағы Қазақстанда туризмді дамыту бағдарламасына енді. Оның негізінде жағалауда 20-дан астам демалыс аймағын салып, инженерлік желілер жүргізіп, Қарағанды-Балқаш трассасын жөндеу жұмыстарын аяқтау және еліміздің басқа өңірлерінен үлкен ұшақтар қабылдау үшін қалалық әуежайды қайта жаңарту жоспарланған.

Бұл ретте Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков жағалауды абаттандыру жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді. Мұнда негізгі басымдылық кенттердің инфрақұрылымын ретке келтіруге берілмек. 

"Қазір біз үшін экономикалық өсімнің негізгі нүктесі - Шұбар-Түбек және Торанғылық кенттері. Демалыс үйлерін салуға болатын 20,5 шақырым бос жағалау бар. Біз үшін негізгі міндет - кенттерде сумен жабдықтау, су бұру, электр секілді инженерлік желілерді жүргізу болып табылады. Жоба дайын, біз маусым айында мемлекеттік сараптама шешімін күтеміз. Сол кезде мердігерді анықтап, жұмысқа кірісе аламыз", – деген әкім әзірге басты мақсаттардың бірі курорттық аймақ инфрақұрылымын жетілдіру екенін айтты. Өйткені туристердің негізгі ағыны курорттық аймаққа көліктермен келеді. 

"Жол жөндеу жұмыстары екі кезеңде жүріп жатыр. Қазір Шұбар-түбек ауылының жол желісі жөнделуде. Мұнда ішкі кенттік жолды орташа жөндеу жүргізіледі. Онда негізгі жұмыстар аяқталды. "Риф" демалыс аймағына 300 метр асфальт салу, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жасанды тегіс емес жолдар салу қалды. Содан кейін Торанғалықта жолдарды жөндеуге кірісеміз. Онда республикалық трассадан бастап кентішілік жолға дейін 8 шақырым жолды жөндейміз. Маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", –деді Ораз Тәуірбеков. 

Балқашқа Қазақстанның басқа өңірлерінен туристер ағынын тарту үшін әуе қатынасын да дамыту жоспарланып отыр. Қазір қала әуежайы Як-40 сияқты шағын ұшақтарды қабылдай алады. Демалыс аймағына Боинг сынды үлкен ұшақтар қонуы үшін әуе айлағы күрделі жөндеуден өтуі қажет. Алдын ала есептеу бойынша бұл жұмыстарға 2,5 млрд теңге жұмсалады. 

"Қайта құру жобасын ҚР премьер-министрі Асқар Маминге ұсынды. Қазір аэровокзал "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі. Жөндеуді бюджеттен қаржыландыру үшін оны қаланың коммуналдық меншігіне беру қажет. Корпорация басшылығы оған өз келісімін берді", – деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі. 

Жағалау абаттандырылып, инженерлік желілер құрылысы, жолдарды жөндеу мен әуежайды қайта жаңарту жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Алдын ала болжам бойынша, бұл Балқаштағы туристер ағынын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазір курорт жылына 80 мың адамды қабылдайды. Қайта жаңғыртудан кейін демалушылар саны 400-500 мыңға дейін өсуі мүмкін. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу