Балқашқа баратын жол келесі жылы іске қосылады

657

Биыл Балқаш көлінің аумағы еліміздегі туризмді дамыту бағдарламасына енді.  

Балқашқа баратын жол келесі жылы іске қосылады

Алайда жолдың нашарлығы мен инфрақұрылымның дамымағанына саяхатшылар жыл сайын шағымданып келеді. Туризмнің алға жылжуына кедергі болып келе жатқан бұл мәселеге Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек нүкте қойды. Келесі жылы Қарағанды–Балқаш жолы толық іске қосылатынын мәлімдеген ол бұдан былай көлік инфрақұрылымы саяхатшыларға қиындық тудырмайтынын жеткізді. 

"Қарағандыдан Балқашқа баратын жол салынып жатыр. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салуда. Жоспар бойынша келесі жылы бұл жол толығымен іске қосылады деп уәде беріп отыр. Ол төрт жолақты I санатты жол болады. Оған қосымша биыл Балқаш әуежайының ұшу алаңы жөндеуден өтті. Жалпы жол болсын, әуежай болсын көлік-инфрақұрылымы келесі жылы дайын болады", – деді облыс басшысы. 

Бұған қоса Жеңіс Қасымбек туристер тарапынан сұранысқа ие бағыттардың бірі –Ұлытауға апарар жолдар да жөнделеді деп уәде берді. 

"Ұлытауға да биыл инвестиция көп құйылды. Аудан орталығында келушілерді қабылдайтын орталық, Жошы хан кесенесінің қасында туристік нысан салынып жатыр. Сондықтан қазір Сатпаевтан Ұлытауға баратын жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұған қоса Жезді, Қарсақбай сынды басқа да елді мекендерге баратын жолдарға 2 есе көп қаражат бөлінді", – деді ол. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу