Алматы облысында полиция қызметкерлері Балқаш көлінің демалушылар жүрген жағажай аймағына автокөлікпен шығып кеткен жүргізушіні жауапкершілікке тартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полиция қызметкерлері оқиғаның Жамбыл ауданы, Үлкен кенті маңындағы Балқаш жағалауында орын алғанын анықтады.
Рөлде Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны Арыстанбек Абу болған. Ол су бойында адамдар, оның ішінде балалар демалып, шомылып жатқанына қарамастан, көлікпен су жағасына дейін шығып кеткен.
Тексеру нәтижесі бойынша құқық бұзушы "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен тәртіп бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Алматылықтың автокөлігі тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды.