Бампер жасайтын қос кәсіпкердің арманы - көлік құрастыру

2324

Екі дос негізін қалаған компанияның өнімдеріне күн санап сұраныс артып келеді.  

Бампер жасайтын қос кәсіпкердің арманы - көлік құрастыру Фото: «r7.tuning» instagtam парақшасынан

Бизнесті нөлден бастап, жетістікке жетуге бола ма? Мүмкін емес дерсіз. Жас кәсіпкер Ержан Балқожаевпен танысқанға дейін біз де солай ойлағанбыз. Бүгінгі таңда бампер жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер Ержан Қуатбекұлы әуелгі ойымызды 360 градусқа өзгертіп, бақ-дәулет ерінбей еңбек етіп, қарекет қылғандарға ғана иетініне көзімізді жеткізе түсті.

Қызу бәсекенің бел ортасында жүріп, бүгінде мұз болып қатып, су болып қайнап, шар болаттай шыңдалған Е.Балқожаев Тараз қаласындағы №14 орта мектепті бітірген. Алтын ұя мектебінен түлеп ұшқаннан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, "Театр ұжымының жетекшісі" мамандығын алып шығады. Талапты жастың жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінен бизнеске қызығушылығы оянады. Бірінші курстан бастап шоу бағдарламаларымен тойда өнер көрсетіп, мерекелік кештер ұйымдастыруды табыс көзіне айналдырады. Дегенмен коронавирус індетіне байланысты кәсібін тоқтата тұруға келді.

"Тек тоймен ғана шектелуге болмайды ғой. Сондықтан да індет басталмай тұрып сыныптасым, досым Елдос Мөңкебай екеуміз бампер өндірісімен айналысу үшін 2019 жылы 3 миллион теңге қайтарымсыз грант алдық. Бірақ бамперді қалай шығарамыз? Қажетті құрал-жабдығымыз да, шикізатымыз да жоқ. Сөйтіп ғаламтор арқылы іздеп, егжей-тегжейлі зерделеп, бампер шығаратын ресейлік бір компанияны таптық. Алайда компания басшылығымен байланыс орнатып, келісімге келу де біз ойлағандай оңай болмады. Біршама уақытымызды жоғалттық. Әзер дегенде діттегенімізге жетіп, компаниямен келісімшартқа отырып, екі маманымызды Ресейге арнайы жібердік. Мамандарымызға бір апта бойы бампер жасауды үйретіп, жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті. Еңбектері үшін күніне 3 мың рубль төледік.

Сонымен мамандарымыз Ресейден оралысымен бірден іске кірісіп кеттік. Ресейден бампер жасайтын станок та алдырдық. Өкінішке қарай әу баста жіберген қателіктеріміздің салдарынан бизнесіміз жүрмеді. Бірінші қателігіміз, бамперді станок арқылы жасағанымыз еді. Станок арқылы жасайтын болсақ бастапқыда кемі он бес миллион теңге керек екен. Екінші қателігіміз, ақшаны үнемдеу үшін өзіміз Ресейге бармадық. Ал сенім артып жіберген мамандарымыз толыққанды үйрене алмаған. Үшінші қателігіміз, станокты алып келгенде ең бірінші бампер емес, көліктің қосымша бөлшектерін жасағанымыз. Үш қателігіміз айтарлықтай қиындықтар туындатты. Қарызға белшемізден баттық. Достарымыздан, туған-туысымыздан, банктерден алған несиелеріміздің барлығын қосқанда 15 миллион қарызға кіріп кеттік", - дейді Е.Балқожаев.

Ілгері басқан қадамдары артқа кетіп, күн санап шығынға бата түскен екі дос тығырықтан шығудың жолын іздеп 2019 жылдың желтоқсан айында Алматыға аттанады. Екі достың ойы, мақсаты – атақты коучтардың курстарына қатысып, бәрін қайта басынан бастау еді. Үміттері алдамады.

"Алматыға келгенде қалтамызда 40 мың теңге ғана ақшамыз болды. 30 мыңына 20 шаршы метрлік пәтерді жалға алсақ, соңғы 10 мың теңгемізді коучтың курстарына қатысу үшін алдын ала кепілдеме ретінде төледік. Көп ұзамай сабағымыз басталып кетті. Оқи жүріп бизнесімізді қайта бастап, қатар алып жүрдік. Үйренгеніміздің барлығын бизнеске сала бастадық. Көп уақыт өтпей-ақ нәтижесін көріп, "r7.tuning" компаниясының негізін қаладық. Айта кетерлік жайт, компанияны құрған соң үш негізгі қағиданы қатаң ұстанып, алдымызға үлкен мақсаттар қойдық. Бірінші қағида – "көш жүре түзеледі". Кемшіліктердің барлығын тәжірибе жинай келе жөндеуге болады. Екінші қағида – "ит үреді, керуен көшеді". Теріс пікірлерге құлақ аспай, тек алға қарай ұмтылу. Үшінші қағида – екі дүние бақытын табу. Яғни бизнестегі табыс, ырзық-несібе бір Алладан. Сондықтан қазіргі таңда үшінші қағидамызға сүйене отырып апта сайын табысымыздың белгілі бір пайызын қайырымдылыққа жұмсаймыз" - деді Ержан Қуатбекұлы.

Жас кәсіпкерлердің "r7.tuning" атауын таңдағандары да тегіннен-тегін емес екен. Айтуларынша, 1950-1951 жылдары Кеңес үкіметі "r1.tuning", "r2.tuning", "r3.tuning" балестикалық зымырандарын ғарышқа ұшырмақ болады. Бірақ үш зымыран да көкке көтеріле алмайды. Кейінірек "r7.tuning" зымыраны ғана орбитаға сәтті ұшып шығады. Яғни нарыққа шыққан сәтті бизнестердің бірі болсын деген ниетпен компанияға "r7.tuning" атауын беріпті.

Осылайша компания құлашын кеңге сермеп, тастары өрге домалай бастағанда жеке цехтарын және бірнеше арнайы бөлімдер ашады. Жұмысшылар ала бастайды. Қазіргі таңда компанияда 20-дан аса жігіт еңбек етеді.

"Бүгінде тек бампер ғана емес, көліктің қосалқы бөлшектерін де жасаймыз. Қажетті шикізатты Алматы қаласынан аламыз. Ал бампердің немесе басқа да бөлшектердің арнайы қалыбы болады. Қалыпқа құйып дайындаймыз. Бастапқыда бамперді станокпен жасасақ, қазір қолмен жасауға көштік. Себебі қолмен жасаудың шығыны аз болады", - деген Ержан Баққожаев алдағы 10-15 жылда компанияны көлік құрастыратын деңгейге жеткізу үлкен мақсаттары екенін жеткізді.

Студент шақтарынан асқақ арманға қол созып, сол жолда кездескен талай қиындықты, кедергіні бірге еңсеріп келе жатқан Ержан мен Елдостың кез келгеннің қолынан келе бермейтін тірлікті ұршықтай үйіріп жүргені көңілімізді қуантты. Кім білсін, енді он жылдан соң екі достың құрастырып шыққан көлігін Қазақстан, әлем жүргізушілері тізгіндеп жүрер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу