Банк алаяқтардан қорғай алмайды

1049

Қазіргі күннің адамы не болса соған сенгіш, аңғал келеді. Адамдардың мұндай бейғамдығы алаяқтар үшін іздегенге – сұраған болып тұр. Банк атынан азаматтарға телефон соғып, қызметтерді ұсынатын алаяқтар айылын жияр емес. Ал соңғы уақытта олардың әрекеті тым үдеп кеткен. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіргеннен кейін, оның банктегі мәліметтері мен карталарына енудің құпияларына дейін оп-оңай сұрап біліп алатын болды. Содан кейін оның есеп-шотымен ойына келгенін істейді. Қаласа тиынына дейін қалдырмай үптеп кетеді.

Банк алаяқтардан қорғай алмайды

Соңғы күндері ондай алаяқтардың көбейіп кеткенін Ұлттық банк ресми түрде ескертіп отыр. Банк алаяқтардан қорғай алмайды. Одан өзіңіз ғана қорғана аласыз. Банктің атынан телефон соққандармен сөйлеспеу керек, ешбір мәліметті оларға беруге болмайды. Себебі телефон шалып тұрған ар жақтағы адамның алаяқ болатын жағдайы көбейіп кеткен. Олар ақша жымқыру мақсатында Ұлттық Банктің қызметкері ретінде телефон шалады. Сөйтіп әңгімеге айналдыра келе адамның жеке деректерін біліп алады.

Алаяқтар телефон арқылы банк шотының нөмірлері мен несиенің бар-жоғы туралы ақпаратты сұрайды. Содан кейін "Техникалық мониторинг" мақсатында деген желеумен азаматтардан төлқұжат деректерін, атап айтқанда, жеке сәйкестендіру нөмірінің мәліметтерін білгісі келеді. Алаяқтар, сонымен қатар тексеру үшін деп шот ашуға немесе тестік-режимде несие алуға өтініш беруге және үшінші тараптың шотына ақша аударуға үндейді.

Ұлттық Банк ақша жіберіңіз деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап қатпауға кеңес береді. Белгісіз банк шоттарының реквизиттерін көрсетіп, аяқ асты ақшаға тап боласыз деген хабарлама немесе телефон қоңырауы көбінесе алаяқтардың әрекеті болып шығады.

Ескертпеде айтылғанындай, Ұлттық Банк жеке тұлғалардың есеп шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жасамайды. Ұлттық Банкте есеп шоттар тек қана Ұлттық Банктің, екінші деңгейлі банктердің, шектеулі заңды тұлғалардың операцияларын есепке алу үшін ашылады.

 "Ұлттық Банктен ақша аударыңыз" деген сипатта күмәнді хат келсе немесе қоңырау түссе, Ұлттық банк құқық қорғау органдарына шағымдану керек екенін ескертеді.

Шамамен әрбір үшінші қазақстандық банк атынан телефон соққан алаяққа тап болған. Телефон әңгімесіне ергендердің әрбір сегізіншісі есеп шотындағы ақшасынан айырылған. Көбінесе жеңілдетілген несие ұсынамыз деп телефон соғады. Мұндайда азаматтардың 64 пайызы алдауға түсіп қалған. Одан кейінгі кезекте мәліметтерді нақтылаймыз деп сөзге тартады. Мұнда пароль, банк картасының нөмірі, PIN-код, CVV-код дегендерді қайталап жіберіңіз деп қиылып сұрайды. Мұндайға азаматтардың 59 пайызы алданған. Алаяқтардың әңгімеге тартатын басқа да амалдары көп. "Ақшаңызды басқа қауіпсіз есеп шотқа аударыңыз" деп үгіттейтін алаяқтар да көп.

Әсіресе пандемия кезінде алаяқтардың әрекеті етек алды. Пандемияның күшейген кезі – 2020 жылдың маусым-шілде айларында банктерге қатысты алаяқтардың үстінен 40 қылмыстық іс қозғалған.

Мамандар қазіргі уақытта алаяқтарды анықтаудың қиындығы жоқ екенін айтады. Ол үшін алданып қалған адамнан шағым түсуі тиіс. Ал шағым жазатындар өте сирек.

Елімізде кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы деген мекеме бар екен. Ондағылар телефон немесе компьютер арқылы жасалған кез-келген қылмысты ашуға болатынын айтады. Алайда кибершабуылдың алаяғын іздеу оңайға түспейді. Мұндай іске көбінесе шетелдік сервистер арқылы барады. IT саласында шекара жоқ. Біздің полиция шетелдік полицияға сұрау жіберіп, оның жауабын алады екен.

Шыны керек, алаяқтарға оңай алданып қалып жүретін өзіміз. Ал банк құжаттарына қатысты құпия сөздеріміз бен деректерімізді ешкімге айтпауымыз  керек екенін ұмытпайық. Ашықауыз болсақ алаяқтарға жем болғанымыз болған.

Нағашыбек Алдан   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу