Қазақстандықтардың есепшотында жатқан қаражатына енді банк сыйақы қосып береді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осыған дейін қаржы құрылымдары қарапайым дебеттік шот пен картадағы ақшаны белсенді пайдаланғанымен тұтынушыларға ешқандай дивиденд төлемей келді.
Кейінгі 5 жылда ағымдағы шоттарға сыйақы қоспаудың нәтижесінде банктер 4 трлн теңге пайда тапқан. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мұны "мемлекет пен азаматтардың жоғалтқан табысы" деп атады. Сондықтан құжатқа өзгеріс енгізіліп, есепшот иелеріне қосымша төлем қарастырылып отыр.
Cыйақының жылдық мөлшері 1 пайыздан аспайды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай сыйақы мөлшері елдің экономикалық жағдайы және инфляция деңгейімен тікелей байланысты.
Ұлттық банктің статистикасына көз жүгіртсек, өткен жылы қазақстандық қаржы институттарындағы депозиттер көлемі 16 пайызға артып, 48 трлн теңгеге жеткен. Соның жартысынан көбі жеке тұлғаларға тиесілі.