Банкроттықты рәсімдеу жеңілдейді

880

Сенат депутаттары заң жобасын қабылдады.

Банкроттықты рәсімдеу жеңілдейді

ҚР Парламент Сенатында "Оңалтуды және банкроттықты рәсімдеу, бюджеттік, салықтық заңнамаларды және теміржол көлігі туралы заңнамаларды жетілдіру мәселелері жөнінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасы бойынша Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында сенат депутаттары заң жобасын талқылап, әзірлеушілерден сенаттың екінші отырысына заң жобасын жетілдіріп әкелуін сұрады.

"Қарастырылып жатқан өте маңызды заң жобасы. Бүгінгі күнге дейін ол өте көп өзгеріске ұшырады. Алғашқы нұсқасымен салыстырғанда 80%-ға дейін өзгерді. Бюджетті тиімсіз пайдалану, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ әкімшілік заңбұзушылыққа қатысты қабылданған өзгерістерге жауапкершілік алу мәселесі көп талқыланды. Бұл заң жобасын өте терең, әрі байыппен пысықтадық. Заң жобасын әзірлеушілерге депутаттардың бүгінгі сауалдарын зерделеп, жобаны жетілдіріп әкелуін сұрадық",– деді Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Сенат депутаты ұсынылған заң жобасының депутаттар келіспеген кейбір тұстарын нақты түсіндіріп берді.

"Мысалы, балансқа берілмеген қолданыстағы нысандарға жауапкершілік алу мәселесі бар. Әртүрлі объективті, субъективті себептерге байланысты жосықсыз мердігір алған нысанындағы жұмысты аяғына дейін жеткізбей, тастап кетуі мүмкін. Айталық, мердігер құрылыс нысанындағы жұмысшыларын, күзетшілерін алып кетіп, нысан қаңырап бос қалды делік. Ал нысанды бүлдіріп, тонап кетпеуі үшін кім күзетеді? Жақсы, шаруақор басшы нысанды сақтап қалу жолдарын қарастырады. Алайда істі сот қарап жатқан кезде нысан қараусыз қалса, нысанның өзі, ондағы құрал-жабдықтар жармсыз болып қалауы ғажап емес. Бұған кім жауап береді? Соның салдарынан нысанды қайта қалпына келтіруге бюджетке қысым түседі. Біз осы мәселені ретке келтіреміз деп ойлаймын",– дейді ол.

Сонымен қатар, Сенат депутаты компаниялар үшін банкроттықты рәсімдеу жеңілдейтінін айтты: "Егер компанияның берешегі 2500 АЕК аспайтын болса, Мемлекеттік кірістер комитеті банкроттықты рәсімдеуді бастай алады. Бұл жаңадан қабылданған жақсы тәртіп. Көп жылдан бері оңалтуға да, банкроттыққа да сот шешім қабылданбаған компанияларды нарықтан тазартатын боламыз. Бұл құқық жергілікті жерлердегі Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдіктеріне беріледі. Осындай шара банкроттықты рәсімдеуді жеңілдетеді",- деді Нұрлан Қылышбаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу