Банктер онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттерге сауалнама жүргізбек

807

1 қазаннан бастап банктер әрбір қарыз алушыға 7 сұрақтан тұратын арнайы сауалнама жүргізеді.

Банктер онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттерге сауалнама жүргізбек Фото: okbank.co.id

Онлайн несие рәсімдеу кезіндегі алаяқтықтың алдын алу үшін қосымша шаралар енгізіледі. Банк жеке тұлғамен интернет арқылы мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие шартын жасамас бұрын оған сауалнама жүргізуге міндетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сауалнама нәтижесінде алаяқтық белгілері анықталса, банк қосымша тексеру жүргізіп, несие беруді тоқтата тұруы немесе одан бас тартуы мүмкін. Дербес деректердің заңсыз таралғаны анықталған жағдайда клиент қайта биометриялық сәйкестендіруден өтеді, телефон нөмірінің иесі тексеріледі.

Қосымша тексеру нәтижелері мен анықталған мән-жайларға қарай банк мына шешімдердің бірін қабылдайды:

  • банк қарызы шартын жасасу;
  • анықталған мән-жайлар жойылғанға дейін шарт жасасуды тоқтата тұру;
  • шарт жасасудан бас тарту.

Егер банк клиенттің дербес деректері заңсыз таратылғанын анықтаса, қосымша қауіпсіздік шараларын қолданады.

Олардың қатарында:

  1. клиентті биометриялық сәйкестендіруден қайта өткізу;
  2. клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ұялы байланыс операторының дерекқорындағы телефон нөмірі иесінің ЖСН-імен салыстыру арқылы нөмірдің клиентке тиесілі екенін тексеру немесе "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірлері базасындағы мәліметтерді салыстырып, нөмірдің оған тиесілі екені туралы ақпарат алу;
  3. клиент көрсеткен ұялы телефон нөміріне тексеру қоңырауын шалып, дербес деректерінің ұрланғанын хабарлау және несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоюды ұсыну бар.

Алаяқтық белгілерін анықтау үшін банк интернет арқылы қарыз шартын жасасуға қатысты материалдарды сақтауға міндетті. Оларға операциялардың жүргізілген уақыты, клиентті сәйкестендіру барысында алынған ақпараттық жүйелер туралы деректер, жасалған транзакциялар және клиентке жіберілген хабарламалар (SMS, push-хабарламалар, колл-орталық қоңыраулары) жатады.

Бұл материалдар шарт бойынша тараптардың міндеттемелері тоқтағаннан кейін кемінде 5 жыл сақталуы тиіс.

Сондай-ақ жеке тұлға интернет арқылы мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие шартын жасасқан кезде алаяқтық жағдайларын анықтауға және алдын алуға арналған сауалнама нысаны бекітілді.

Сауалнамадағы негізгі сұрақтар:

  1. Бұл несиені рәсімдеуді сізге кім ұсынды?
  2. Банкке өз бетіңізше жүгіндіңіз бе, әлде басқа адамдардың (қауіпсіздік қызметі, құқық қорғау органдары өкілдерінің, белгісіз тұлғалардың және басқалардың) өтініші бойынша жүгіндіңіз бе?
  3. Несиені қандай мақсатта рәсімдеп жатырсыз?
  4. Несие шарттарымен (сомасы, мерзімі, пайыздық мөлшерлемесі, өтеу кестесі) таныстыңыз ба?
  5. Біреу сізге қысым көрсетіп немесе несиені тезірек рәсімдеуге асықтырып жатқан жоқ па?
  6. Біреу несиені рәсімдегеніңізді банк қызметкерлерінен немесе жақындарыңыздан жасыруға кеңес берді ме?
  7. Бұған дейін сізге "ақшаңызды қорғау" немесе "шотыңыздағы операцияларды тексеру" туралы ұсыныспен қоңырау шалғандар болды ма?
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу