"Көлікте қандай өлең қосылып тұрғанына шейін есімде": Шерзат ісіндегі тағы бір сотталушыдан жауап алынды

415

Сотталушы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. 

"Көлікте қандай өлең қосылып тұрғанына шейін есімде": Шерзат ісіндегі тағы бір сотталушыдан жауап алынды Фото: бейнежазбадан

Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Азамат Тоқтаубаевтың сөзінше, оқиға күні кешкі уақытта Шыңғыс Белғожаев оның үй жағына қарай келген.

"2024 жылы қазанның 4-іне қараған түні үйде болатынмын. Денсаулығыма байланысты Талғар қаласына дәріханаға түсуім керек болды. Шыңғыстың астында көлігі болғаннан кейін Талғарға келуін өтіндім. Осы кезде менің танысым әрі көршім Нұрқияс Ілиясов па, Равиль Сакиев пе – нақты есімде жоқ, екеуінің біреуі маған ватсап арқылы хабарласты. Олар "Эйфория" дәмханасында отырғанын айтты. Амандасып кетейін деген ниетпен сол кафеге бардық. Онда Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев, Абзал Шынасылов және бұрын-соңды көрмеген екі қыз отырды. Туған ағам Нұрбол Тоқтаубаевты көрдім. Ол арада 20 минуттан кейін жоқ болып кетті. Сағат 23.00 болып, кафе жабылайын деп жатқан соң бәріміз тарқайық деп жатқанбыз. Екі қызды аялдамадан тастап, әрі қарай біз үйге кетуіміз керек болған", - деді сотталушы.

Жауабына сүйенсек, кейін досы Шыңғыс Белғожаевтан бір хабар естіген.

"Талғардағы Менделеев көшесінде Дарханды емес, Нұрболды ұрып кетті деп түсіндім. Жолда нақтылап сұрағанымда Дарханды ұрып кеткенін білдім. Талғар болған соң, ішіп жүріп бірдеңеге арандап қалмады ма деп анық-қанығын біліп алайық дедік. Жолда біз адамдар тобын құрып болмаса дайындалып өзімізбен пышақ болған жоқ. Осыны назарыңызға алсаңыз. Менің қалай барғаным, көлікте қандай өлең қосылып, қандай әңгіме болғаны – бәрі әлі есімде", - деді сотталушы Азамат Тоқтаубаев.

Айта кету керек, бейсенбі күні өткен сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынғанын жазған едік. Ол өзінің "Хуторский" емес екенін айтты. Прокурор сотталушыны сұрақтың астына алып, судьядан күдіктілерге ескерту жасауын сұрады. Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев марқұм Шерзаттың 16 жаста екенін білмегенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу